Шымкенттік жедел жәрдемшілер үздік атанды
Жеңімпаздарды Шымкент теміржол вокзалында әріптестері мен туған-туыстары арайы гүл шоқтарымен күтіп алды. Себебі, бұл үшінші мегаполис жедел жәрдем қызметкерлерінің алғашқы жетістігі. Айта кетейік, жерлестеріміз сайыста түрлі жарақаттар, анафилактикалық шок, ЭКГ оқу, үй жағдайында босану, жедел коронарлы синдром клиникалық өлім жағдайы бойынша 5 станциялық сыннан сүрінбей өтіп, біліктіліктерінің жоғары деңгейде екенін дәлелдеген.
– Жалпы біздің қызметкерлердің жұмысы жоғары баллмен бағаланды. Біз жеңімпаздардан аз ғана ұпайға артта қалдық. Қызмет көрсету сапасына жоғары баға берілді. Конкурс төртінші жыл қатарынан өтіп жатыр, біз бірінші рет жүлделі екінші орынды иеленіп отырмыз. Бүгінгі таңда жедел жәрдем жұмысында екпін жоғары. Барлық жедел жәрдем қызметкерлері халықаралық стандарттар бойынша оқытылуда, — деді Шымкент қаласының медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Оспанова.
Жедел жәрдем бригадаларын еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мен медициналық ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ Италия мен Германияның халықаралық сарапшылары бағалады. Басты критерийлер – медициналық көмек көрсетудің жылдамдығы мен сапасы. Өйткені пациенттердің өмірі тікелей осы мамандардың қызмет көрсетуіне байланысты жалғасады. Аталған шарада бақ сынаған команда үш адамнан құралған. Дәрігер мен қос фельдшер үштігі отандық әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтқаны сөзсіз. Ұжымдастары мен жақындарының ыстық ықыласына бөленгендер жарыстан алған әсерімен бөлісті.
– Бізді осында күтіп тұрған жандардың үміті ақталғанына қуаныштымыз. Екі күн бойы жарыстық. Сайыстың алғашқы күні 4 пунктке, екінші күні тағы бір пунктке бардық. Ешқандай қиындықтар болмады. Ең бастысы білгенімізден жаңылмай, жұмысымызды жасап көрсеттік. Келесі жолы үздіктер көшін бастауға барымызды саламыз, – дейді Шымкент қаласының жедел жәрдем станциясының дәрігері Мақсат Мылтықбаев.
Адам өмірін сақтап қалуға міндетті мамандар түрлі ситуациялық жағдайларға тап болып жатады. Осындай сайыстар арқылы олар қайғылы оқиғалар кезінде жылдам әрі сапалы көмек көрсету шеберліктерін ортаға салды. «Ең қиын шақырту ол – жол көлік оқиғасы кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету», – дейді жедел жәрдем қызметіндегілер. Сонымен қатар тоқтап қалған жүректі қайта ояту да оңайға соқпайды. Медицинада, соның ішінде жедел жәрдем саласында әр секундтың алар орны ерекше.
– Біз үшін қатысу ең басты мақсат емес еді. Қалалық жедел жәрдемнің қалай жұмыс істейтінін көрсету керек болды. Шынымды айтсам, қиын болған жоқ. Себебі бұл біздің жұмысымыз, біз оны күн сайын жасаймыз. Қала тұрғындарына сапалы қызмет ұсынып жүргенімізді дәлелдеп бердік, –деп медициналық жәрдем фельдшері Салтанат Медетбек өз пікірімен бөлісті.
Шымкенттегі жедел жәрдем қызметкерлері елімізде алғашқылардың бірі болып толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметін көрсететін мамандардың барлығы смартфонмен қамтылған. Жедел жәрдем қызметкерлері қағаз толтырмайды. Бригаданы шақырту картасын, учаскелік дәрігердің дабыл қағазын және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағын смартфонға енгізіледі. Осының арқасында қызметкерлер орталық стансаға келмей-ақ, қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықтан арылуға көмөктеседі.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың бірі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжат айналымына көшуі болатын. Сондай-ақ, «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.
Бүгінде 1 миллионнан астам халқы бар Шымкент қаласында 100-ге жуық жедел жәрдем машинасы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Күніне бойынша орташа есеппен 15 -16 мың шақырту түседі. Орталыққа келіп түскен қоңыраулардың 20 пайызы 4-санаттағы шақырту болғандықтан, мекен-жайы бойынша емханаларға тікелей жолданады.
2018 жылы Шымкент қалалық медициналық жедел-жәрдем станциясын модернизациялау және пайдалану жобасын тікелей келіссөздер арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі негізінде жүзеге асыруға өтінім берілген болатын. Соның нәтижесінде «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясының көмегімен «Шымкент жедел медициналық жәрдем станциясын жаңғырту» жобасы аясында 100 жедел жәрдем көлігі алынбақ. Бұл осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған іс. Сондай-ақ, жедел жәрдем станциясында call орталық жұмыс істейді. Осының арқасында жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, діттеген жеріне неше минутта жеткенін бақылауға болады. Егер жедел жәрдем қызметі станциясына арнайы номері арқылы байланысу мүмкін болмай тұрса, онда мына қосымша нөмірлерге хабарласыңыздар болады: 8 (7252) 433-189, 43-55-82, 39-08-23, 53-91-14, 43-33-01.
– Қазір денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінуде. Қала басшысының тапсырмасымен көп қабатты үйлерде 14 амбулаториялық орталық ашу жоспарланған. Одан бөлек, емханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталса жедел жәрдем қызметінің сапасы артатын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында біршама емханалар құрылысын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жоба жоспарын жасап қойдық, жер телімі белгіленсе құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Одан бөлек, С.Сейтжанов дейтін кәсіпкер азамат шетелдік инвесторлармен бірігіп заман талабына сай жабдықталған жаңа емхананың құрылысын бастағалы жатыр. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Министрліктің тапсырмасына сәйкес ең бірінші кезекте халыққа ыңғайлы және сапалы қызмет ұсынуымыз керек, – дейді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Миллионер қаланың медицина саласы күн санап дамып келеді. Президент Жарлығына сәйкес денсаулық сақтау саласына көптеп көңіл бөлінуде. Жақында ғана Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы алғашқы жарты жылдықта атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөліскен болатын. Сол жиында сақтандыру пакеттерінің жаңа жобалары таныстырылып, жедел жәрдем қызметіне де көңіл бөлінетіні айтылды. Ең басты мақсат – қолжетімді әрі сапалы медицина. Сондай-ақ, биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру бойынша ел бюджетінен 46,3 млрд теңге бөлінді. 2019 жылы 27 ақпанда өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен 1 маусымнан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қалалар мен өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында бюджеттік қызметкерлердің еңбек ақысын 30 пайызға арттыру тапсырылды. Нәтежиесінде Шымкенттік 14 мың 382 қызметкердің жалақысы бекітілген деңгейде көтерілді. Ешқандай санаты жоқ медбикенің жалақысы 94 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Ал, ең жоғары санаты бар дәрігерлер 159 теңгеден аса алады.
Шымкенттің әкімі медицина қызметкерлері күнінен орай өткен шарада дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, медицина саласында атқарылатын жұмыстарға тоқталған болатын. Салтанатты жиында қала басшысы 9 маманға пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар, қаладағы медициналық ұйымдардан 30-дан аса қызметкер денсаулық сақтау министрінің марапатына ие болды. Айта кетейік, қазір қаладағы мемлекеттік 36, жекеменшік 69 медициналық ұйымда 12 мыңнан астам қызметкер халыққа қызмет көрсетеді.
– Мемлекеттің ең басты байлығы – халық. Елбасының тапсырмасына сәйкес салауатты өмір салтын ұстанатын, дені сау халқы бар мемлекет қалыптастыруымыз керек. Бұл ретте медициналық қызметтердің қолжетімділігі де үлкен маңызға ие. Соған орай қалада бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, 2 қалалық аурухана мен қалалық перзентхана күрделі жөнделуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 8 емхана салынады және инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Шымкентте бұған қоса жаңа 1200 орындық көпсалалы аурухана салынады. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруде тұрғын үймен қамту мәселесі шешіледі. Күз айында станция 100 жедел жәрдем көлігімен толығады, – деді әкім.
Диагноз газеті