Тілмей ота жасайды
Билтыр ерте көктемнен бері Шымкент қаласының 18 жасқа дейінгі азаматтарымен қатар Түркістан облысының балаларымен да жаңа технологиялық инновация тәсілімен жарақаттарынан айықтырып келе жатқан қалалық клиникалық балалар ауруханасында шұғыл жарақат бөлімінің ашылғанына бес жылға таяды. Балалар жарақаты, ортопедия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Еркебай Бектаевтың айтуынша, заман талаптарына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған емдеу мекемесіндегі травматолог, ортопед мамандар Ресейдің Сант-Петербург, Мәскеу, Қорған қалаларында біліктіліктерін арттырып, Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығында кәсіби шеберліктерін шыңдаған.
– Перинаталдық орталықтар мен перзентханалар, балалар ауруханалары қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының үнемі жіті бақылауында. Шымкент өз алдына республикалық маңызы бар дербес қала атанғанға дейін де қалалық клиникалық балалар ауруханасының соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықталуына басшылар біраз күш жұмсады. Нәтижесінде бүгінде отаны тері асты арқылы арнайы құралдардың көмегімен жасауға көштік. Ота арнайы аппаратпен онлайн режимде қадағаланады. Жаңа тәсіл баланың денесінде ешқандай тыртық қалдырмайды, – дейді Еркебай Тәліпбайұлы.
«Балалар ауруханасы тәулік бойы тынымсыз қызмет етеді. Сынық жарақаттарына жасалатын жаңа тәсілдің арқасында көптеген кішкентай науқастарға тіпті гипс салудың да қажеті жоқ. Остеосинтез әдісінің көмегімен дене жарақатын алған балаларға ауыр ота жасаудың қажеті болмай да қалды. Оның үстіне жарақат алған балғындар санаулы күннің ішінде аяққа тұрып кетеді», дейді дәрігерлер.
Балалар жарақатының алдын алу, асқындармай емдеу бағытында оңалту бөлімшесінде 3 дәрігер жұмыс істейді. Сонымен қатар, бөлімше меңгерушісінен бөлек тағы 4 дәрігер бар. Олар кестеге сәйке кезекшілік бойынша дәрігерлік көмектерін көрсетеді. Төртеуі де да операция жасап жүрген білікті мамандар. Жарақат алған бала түнде ауруханаға жедел медициналық жәрдем көлігімен түнде жеткізілсе де азанға қалдырмау ота жасай береді. Ауыр жағдайда болса, үрейден арылғанша науқасты жан сақтау бөліміне жатқызады. Егер ірі сүйек – сан, балтыр сынса, ауруын басатын дәрі егіп, анализдерін азанға дейін дайындайды. Таң қылаң бере жаңа жұмыс уақыты басталғанда білікті дәрігерлерден құралған топ отаға білек сыбана кірісіп кетеді. Өйткені ірі жарақаттарға жалғыз адам ота жасай алмайды.
Сан сүйекке жүргізілетін инновациялық хирургиялық ем 40 минуттан ұзақ уақыт жүргізілмейді. Ал, балтырға жасалатын операция 15 минутта, қол сынса 20 минутта аяқталады. Мамандардың айтуынша, бұрынғыға қарағанда қазіргі ота уақыты екі-үш есеге қысқарған.
Бөлімше меңгерушісінің айтуынша, соңғы жылдары Шымкент қалалық әкімдігінің көмегімен, Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен еліміздің үшінші мегаполисінде бірнеше травматалогиялық бекеттер ашылған. Халықтың медициналық таным-түсінігі дұрысталып, денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауы жылдан жылға артып келеді екен. Нәтижесінде травмпункттерге барып, жарақаттың алдын алу бойынша кеңестер, дәрігерлік нұсқаулар алуға келетіндер көбейген.
– Бұрынғы әдіспен ота жасайтын болсақ, сынған сүйекке пластик орнату үшін аяқ не қол терісін 10-15 сантиметр кесуімізге тура келетін еді. Оның қиындығы көп. Ашық болған соң қан ағады. Әрі ұзаққа созылып, әбігерге түсетінбіз. Пластикті сүйекке шегелейміз. Сырылған етті қайта қалпына келтіріп, теріні тігетінбіз. Жазылған соң орнында үлкен тыртық қалатын. Қазір инновациялық әдіспен жасалатын ота кезінде 1-1,5 сантиметр ғана тілік жасалады. Әрі қарай тиісті сол тесік арқылы біз сияқты құрылғының көмегімен арнайы темір сынған жерге енгізіледі. Электронды оптикалық құрылғының (ЭОҚ) көмегімен монитордан көріп тұрып, сынған сүйектің орнына келген-келмегенін анық көре аламыз. Кейін арада 7-8 ай өткенде сүйек толық біткеннен кейін сол тесік арқылы баланың аяғына салынған темірді қайтып алып тастаймыз. Өйткені өсетін организмде оны қалдыруға болмайды. Ешқандай тыртық та қалмайды, тесілген тері тез бітіп кетеді, – дейді Е.Бектаев.
Заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған ауруханада түрлі дене жарақаттарын алған 18 жасқа дейінгі азаматтарға медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, туабітті ақауы барлар да емделеді. Ұршық басының шығып кетуі, аяқтың қисайып қалыптасуы, туабітті қисық мойын, саусақтарының қосылып туылуы және артық болуы сияқты түрлі ақаулары бар балалар портал арқылы жатып ем қабылдауға келеді. Мұндай диагнозы бар бүлдіршіндерге хирургиялық ем жүргізіледі, яғни ота жасалады. Мұнда келген соң да дәрігерлердің жіті бақылауына алынып, медициналық тексерулерден өткізіледі. Қажет болған жағдайда консервативтік ем жүргізіледі. Егер де сынған сүйекті орнына келтіру қиын болса, онда ота жасалады. Олардың арасында балтыр, иық, бұғана сүйектерінің сынуы көптеп кездеседі екен. Дегенмен, шаһардың тұрғындары алдымен жедел медициналық жәрдем көлігімен алдымен қалалық травматалогиялық пунктерге жеткізіледі. Олардың арасында дәрігерлік көмектің келіп жетуін күтпей-ақ травпунктерге өз көліктерімен жететіндер де бар. Содан әрі қалай жарақат түріне қарай Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөліміне жеткізіледі.
Расын айту керек, ата-аналар көбінде аяқ-қолы майып болған балаларын сынықшыға алып барып жатады. Бірақ, олардың жағдайды одан бетер ушықтырып, баланың жарақатын асқындырулары жиі кездеседі екен.
– Дерт дендеп, соңғы кезеңіне жеткенде дәрігер де дәрменсіз болуы мүмкін. Заманауи медициналық құрылғылардың көмегімен диагнозын дәл анықтағанымызбен ауруды өткізіп алып емдеу оңай болмайды. Бала да азаптанады. Қиналғанын көру кімге қажет? Өкінішке қарай, ата-аналар ауруханаға балаларын алып келгенде бізге дейін сынықшыға, тәуіпке апарғандарын жасырады. Айтпайды. Оны балалардың өздерін біліп жатамыз. Қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де тұрғындардың өз бетінше емделуі тыйылар емес. Қалай болғанда да ата-ана жарақат алған баласын алдымен дәрігерге апарғаны абзал. Ана мен бала денсаулығына аса мән беретін, соған сай барлық жағдайды жасап жатқан шаһарымыздың емдеу мекемелерінде білікті мамандар жұмыс істейді. Тек маманның тағайындаған емін мүлтіксіз орындау жеткілікті. Сондықтан адамдардың сынықшыдан гөрі дәрігерге көбірек сенім артқан өздеріне жақсы, – дейді дәрігер дейді Еркебай Тәліпбайұлы.
Расында да сынықшыға бару бала үшін қосымша жарақат шығындауға тура келеді. Оның үстіне олардың ешқайсысы кепілдік бермейді. Сондықтан да бала жарақат алса, «анау сынықшы жақсы... Мынау жақсы салады» деп әуреге сала бермей бірден ауруханаға алып келген дұрыс. Мұнда қай уақытта болса да кезекші дәрігерлер болады. Рентген аппаратына түсіріп, нақты диагнозын жылдам қоя алады. Бүгінгі дәлелді медицинада ата-анасына баласының жарақатын айтып қана бермейді. Сонымен қоса түсірілімін көрсетеді де. Қалай салғанын да қарап көз жеткізуге болады. Қажеттілік туындаса, ауруханаға жатқызып, дәрігерлік бақылауға алады.
– Сынықшы жарақатты әртүрлі байламдармен қысып тастайды. Сүйек қисық бітіп кеткен арада жара пайда болады. Ота жасайын десек, жара кедергі жасайды. Оның жазылуын күтейін десеңіз, уақыт өтіп жатыр. Осындай келеңсіздіктер, кедергілер біздің жұмысымызда аз кездеспейді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, теларналар мене радиолар арқылы қанша айтып түсіндіріп жатсақ та травматологтардың кеңестеріне құлақ асатындар көп емес. Көбісі естіп-біліп тұрса да орындамайды. Жұрт операция жасап, баламды қинап қояды деп, емханадан, ауруханадан қашып сынықшыға апарады. Соңында қайтып бізге келіп жатады. Ауруы асқынған бүлдіршіндерді көрсеңіз, жаныңыз ауырады, – дейді травматолог.
Медициналық құрылғылар, операцияға қажетті жабдықтар жеткілікті. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жыл сайын қажетті құрылғылармен толығып келеді.
Жоспарлы түрде ота жасауға ауруханаға порталмен жеткізілетін кішкентай пациенттер бар. Бірақ, аяқ-қолы, омыртқасы зақымданғанға дейінгі жарақаттардың барлығына қажеттілігіне қарай жедел түрде ота жасалады. Оларға кезек күтіп, порталмен келесіз деген талап қойылмайды.
Диагноз газеті