Белгісіз заттан уланған сегіз оқушы ауруханада жатыр
Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласындағы №7 мектеп-лицейінде белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен 8 оқушының екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы 13 қыркүйек күні Азаттыққа облыстық білім басқармасы хабарлады.
Білім басқармасының мәліметінше, 12 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 11 шамасында мектеп-лицейдегі үзіліс кезінде фойеде адамдар жүрген кезде 10 сынып оқушысы мектепке өзі әкелген бүріккіштен белгісіз затты шашқан. Сол маңда жүрген 23 оқушы мен 2 мұғалім және мектептің тағы бір қызметкері улану белгісімен Төле би аудандық ауруханасына жеткізілген.
"Уланғандардың көбі алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтты. 8 оқушы ем қабылдау үшін ауруханада қалды. Олардың екеуі – жан сақтау бөлімінде жатыр" деп хабарлады білім басқармасы.
8 оқушының ауруханада ем қабылдап жатқанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы да растады. Мектептегі оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.