МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді?

Screenshot_15.jpg

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС жүйесі қатысушыларына уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсынуды қамтамасыз етеді. 

Медициналық сақтандыру көптеген дамыған мемлекеттерде бар. Мысалыға, бұл Германияда канцлер Бисмарк басқарған уақыттан бері бір ғасырдан артық уақыт қолданылуда. Қазіргі уақытта 16 еуропалық мемлекетте, сонымен бірге Түркия мен Жапонияда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қызмет етуде. Дәл осы елдердің медицинасы қазіргі уақытта жоғарғы деңгейде және адамдардың өмір сүру ұзақтығы да жоғары – 80-85 жасқа дейін. 

МӘМС-тің тиімділігі денсаулықты сақтау үшін мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі де жауапты болатынына негізделеді. 

Медициналық сақтандырудың пайдасы – әр азамат кез келген медициналық ұйымды таңдай алады. Осы арқылы жеке медициналық орталықтар арасында немесе мемлекеттік медициналық қызмет көрсету орталықтарында бәсекелестік пайда болады. Қызмет көрсету сапасы жақсарады. Қалтадан шығатын шығын көлемі де азаяды. 

МӘМС туралы заңнамаға сәйкес медициналық кызметінің екі пакеті қарастырылған. Бірінші – еліміздің барлық азаматтары үшін мемлекет ұсынатын негізгі ең төменгі пакетке кіреді: жедел жәрдем және санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар және жедел жағдайлар кезіндегі медициналық көмек, профилактикалық егулер. Екінші пакет мыналарды қамтиды: амбулаториялық-емханалық көмек, емханадағы емдеу, дәрігерлердің қабылдауы, зертханалық қызметтер, диагностика және манипуляциялар, стационарлық көмек, стационар алмастырушы көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, дәрімен қамтамасыз ету – амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде. Сонымен қатар, мейіргерлік күтім (басынан кешкен аурудың салдарынан өз-өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ, бөгде адамдардың тұрақты күтімін қажет ететін адамдар) және паллиативті көмек (емдеуге келмейтін, өміріне қауіпті және ағымы ауыр аурулары бар пациенттердің өмір сүру сапасын адам үшін мүмкін болатын ең жоғары қолайлы деңгейде қолдау). 

Жоғарыда екінші пакетте көрсетілген қызметтер тек сақтандырылған және әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға (мемлекет жарна төлейді). Сақтандырылмаған азаматтар барлық медициналық қызметтерді ақылы алады. Осы жерде айтып кету керек, МӘМС жүйесіне жеке меншік медициналық ұйымдарының көпшілігі қатысушы болуын қалады. Яғни, қазақстандықтар медициналық қызметтерді жекеменшік медициналық ұйымдарда да тегін ала алады. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кімдер жарна төлемейді? Мемлекет қамқорлығына алынған әлеуметтік қорғалмаған азаматтардың 14 санаты үшін жарна төлейді. Олар –  балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар, бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, зейнетақы алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар, тергеу изоляторларындағы адамдар, жұмыс істемейтін оралмандар (1 жыл бойы), "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқуды аяқтаған айдан кейінгі күнтізбелік үш айдың ішінде оқуын аяқтаған адамдар. Сонымен бірге, әскери адамдар, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылған, бірақ оларға ведомстволық желідегі мекемелерде медициналық қызмет көрсетіле береді. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді?