Ана мен бала форумы Түркістанда өтті

04.jpg

Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Елбасы ана мен бала денсаулығын еліміздің қазіргі және болашақтағы дамуындағы басым бағыттарының бірі ретінде анықтаған болатын. Осыған орай республиканың әр өңірінде ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында түрлі емдік шаралар жүргізіліп, жиындар ұйымдастырылуда. Сондай ана мен бала денсаулығын нығатуды көздеген шараның бірі Түркістан қаласында өтті. 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында ұйымдастырған «АНА мен БАЛА» атты аймақтық ғылыми-білім форумына Қазақстанның барлық аймағынан келген жиынға неонатологтар мен медициналық генетиктер, анестезиолог-реаниматологтар мен зерттеудің функционалдық әдістерінің мамандары (УДЗ, КТГ), акушерле мен медбикелер қатысты. Форумда дәрігерлер ана мен бала өлімін азайту мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Себебі, дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің өмір бастауында дәл осы дәрігерлердің қызметі аса маңызды. Қуантарлығы сол, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Өлім-жітімнің алдын алу мақсатында үздіксіз сараптамалар жүргізіліп, жүктілік пен босанудың қауіпсіз технологиялары жетілдірілуде. 

Форум барысында Ұлттық акушер-гинеколог дәрігерлері қауымдастығының төрайымы, профессор Нина Каюпова нәрестелердің өмірге келу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұрғанын жеткізді. Осының өзі-ақ аталған форумды өткізуге неге Түркістан қаласы таңдалғанын айғақтап тұрса керек. Сондай-ақ, еліміздің демографиялық ахуалын көтеруде Алматы, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы да алдыңғы қатарда келеді. 

01.jpg

Мамандардың мәліметінше, ана мен бала өлімі көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Өлім-жітімнің алдын алу мақсатында үздіксіз сараптамалар жүргізіліп, жүктілік пен босанудың қауіпсіз технологиялары жетілдірілуде. Форумда айтылған мәліметке сүйенсек, республика көлемінде бес мыңға жуық акушер-гинеколог бар. Дегенмен елімізде кадр жетіспеушілігі байқалады. 

Өз кезегінде, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мемлекет тарапынан медицина саласын дамытуға үлкен назар бөлініп жатқандығын атап өтті. Облыста жаңа нысандар салынып, халықтың денсаулығын жақсарту тұрғысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Айталық облыста тұңғыш рет аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар отбасылар үшін әмбебап-озық үлгідегі кешенді қызмет көрсете алатын патронажды медбикелерді дайындап шығаратын оқу орталығы ашылған. Орталық жыл сайын мыңдаған патронажды медбикелерге, дәрігерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, сондай-ақ психологтарға балалардың толыққанды дамуы жайлы ата-аналарды ақпараттандыруға қажетті біліммен қамтамасыз етпек. Негізгі мақсаты – дұрыс білім беретін мекемелерді құру және денсаулық сақтау жүйесіне қажетті ана мен баланың денсаулығын қорғайтын медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің саны мен сапасын жақсартуды қамтамасыз ету.

Айта кету керек, облыста балаларға амбулаториялық және стационарлық деңгейде медциналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық, қымбат диагностикалау және емдеу амалдары тегін көрсетіледі. Балалар денсаулығын нығайту үшін жыл сайын медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 18 жасқа дейін балалар профилактикалық тексерулерден өткізіліп, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі сияқты қағидалар насихатталады. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ана мен бала форумы Түркістанда өтті