Лапароскопиялық операция тез айықтырады

04.jpg04.jpg

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жергілікті мамандар Ақмола облысының хирургі Руслан Хасеновтің қатысумен жарық дертін кеспей емдеудің жаңа әдісін қолданды. Арнайы шақыртуымен келген дәрігер әріптестеріне екі күн мастер-класс өткізіп, аталған дерт түрлеріне 6 операция жасады. Алдағы уақытта Түркістан облысының дәрігерлері лапароскопиялық әдіспен өңір тұрғындарын өздері емдей беретін болады.

– Кеспей хирургиялық операция жасау бойынша Қазақстанда көп жаңалықтар енгізгенбіз. Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының шақыртуымен облыстық клиникалық ауруханасы базасында жарық дерті түрлерін емдеудің жаңа әдістерін енгізуді қолға алып жатырмыз. Кіндік жарықтары, шап жарығы, шат жарығы, операциядан кейін болатын жарықтарын жергілікті дәрігерлерге мастер-класс өткізу арқылы хирургиялық жолмен емдейміз. Бұл операцияның ерекшелігі – хирургке біраз қиындықтары бар болғанымен науқасқа жақсы. Өйткені оған арнайы медициналық құрылғылары бар осындай база керек. Бұрын кесіп жасай беретін. Қазір жарықтың қандай түрі болса да 5 милиметр шамасында екі-үш тілік арқылы лапароскопиялық құрылғымен жасай беруге болады. Бұған дейін жарыққа жасалатын лапароскопиялық операциялар Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында жасалып келді. Ал, Түркістан облысында алғашқы операцияны жасы қырыққа таяған пациентке туа біткен шап жарығына жасадық. Бірақ, оның осы уақытқа дейін қалай шыдап келгеніне өзім де таң қалып тұрмын. Құдай қаласа, ары кеткенде екі күнде аяғына тұрады, – дейді Ақмола облыстық клиникалық ауруханасының ота бөлімінің меңгерушісі Руслан Хасенов.

Маманның айтуынша, қазақстандықтар лапароскопиялық операция туралы біледі. Пациенттер өздерін осы әдіспен емдегенді қалайды. Өйткені кесіп жасалатын операция науқасқа ауыр. Тілік көлеміне қарай, қанша кессе сонша ауырсыну болады. Жансыздандыруды көбірек қажет етеді. Ауруханада көбірек жатады. Ал, лапароскопиялық операциядан соң пациент бірден палатаға ауыстырылып, оянғаннан кейін ешкімнің көмегінсіз-ақ өз аяғымен жүре алады. Келесі күні үйіне жіберіледі. Жарық түріне қарай операция 40 минуттан екі сағатқа дейін созылады.

Дәргердің дерегіне сүйенсек, жарық дерті Қазақстанда ең көп тараған аурудың бірі, 35-40 пайызға дейін кездеседі.

Диагноз газеті