Ирандық турист музейдегі киіз үйге қызығушылық білдірді
Түркістан қаласындағы туризм орталығына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақстандықтарға ғана емес, алыс-жақын шетелдік туристер үшін де тартымды мекен. Алыс жерден келген туристер тек кесене аймағын бақылаумен шектелмейді. Әзірет-Сұлтанға жақын маңда Түркістан облысының тарихи-мәдени этнографиялық орталығы орналасқан. Музейлік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтитын орталық 2011 жылы ашылған. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілер шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады. Мұнда да туристерге қызықты ұлттық-тарихи жәдігерлер аз емес.
Орталықтың кіре берісінде қазақ халқының ежелден келе жатқан мұрасы – Киіз үй орнатылған. Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй. Киіз үй арқылы қазақ халқының көшпелі тұрмысын, сәулет өнеріндегі тапқырлығын, қолөнердің жоғары деңгейде дамығандығын ұқтыруға болады. Мұражайға келгенде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын аңғарасыз. Мысалы, киіз үймен танысып тұрған ирандық турист Динчер Динч қазақ әйелдерінің әрқайсысы киіз басып, құрақ құрай алғандығына таңданысын жасыра алмады. Ешқандай шегесіз, тез құрылып-жиналатын, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үйдің құрылысы-тапқырлықтың құзар шыңы. Ұлты күрд азамат түркі халықтарына ортақ мұралардың көптігіне көз жеткізгендігін мәлімдеді. «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған халықтың мәдениеті бірінші қабаттың өзінде қызығушылық оятады. Динчер Динч киіз үйдегі құрақ көрпеге зор қызғушылығын білдіріп кетті.
Сондай-ақ, бұл орталықта Алаш үкіметіне қатысты да экспозиция дайындалған. Алаш үкіметін құрушылардың портреттері қойылып, деректер келтірілген.