Қызылордалық ардагерлер Түркістанның тарихи жерлерін тамашалады
Түркістан қаласында ішкі туризм қарыштап дамып келеді. Түркістанға Қазақстанның түкпір-түкпірімен арнайы сапарлатып келетіндер саны күн өткен сайын көбеюде. Жақында Қызылорда облысының ардагерлері Түркістан өңіріндегі тарихи орындарды тамашалады. Халықаралық қарттар күні қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында сыр бойынана келген зейнеткерлер рухани шаһардың символы Қ.А.Ясауи кесенесі мен Отырар өлкесіндегі Арыстан баб бейітіне барды. Ат терлетіп келген мәртебелі меймандарды қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов күтіп алып, облыс орталығы мен кесенені аралатты.
Кесенеге кірген зейнеткерлер алдымен қасиетті топырақта жатқан қазақтың хандары мен би, болыстарына арнайы Құран бағыштады. Содан соң құйылғанына 620 жыл толған көне жәдігер Тайқазанның шығу тарихымен танысып, өткен ғасырдан сыр шертетін зәулім ғимараттың бөлмелеріне зер салды. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев тарихи саяхатты ұйымдастырушыларға және Түркістанның түлеуіне үлес қосып жатқан жандарға алғысын білдірді.
«Мереке қарсаңында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, әкімдіктің қаржыландыруымен киелі өлкеге табан тіредік. Мұндағы басты мақсат облыс орталығы болған Түркістанды өз көзімізбен көру. Құрамымызда әр саланың 30-ға жуық зейнеткерлері бар. Бұған дейін 100-ге жуық ардагерлерімізді ағымдағы жылдың шілде, тамыз айларында көршілес Өзбекстан елінің тарихи орындарын аралауға алып барған болатынбыз. Енді міне рухани астанаға келіп тұрмыз. Қайнаған құрылыс алаңына айналған қала бұрынғыдан да көркейе түсіпті, – деді Серік Әбішұлы.