Түркістан қаласының жер комиссиясының жұмысындағы формализм
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында жер комиссиясының жұмысында формальдықты анықтады.
Жүргізілген талдау жер комиссиясы шешімдерінің басым көпшілігінде тәжірибеде жай ғана сызықшалар қойылғанын (яғни комиссияның нақты шешімі жоқ), комиссия отырыстарының шын мәнінде жүргізілмегенін және «қажетті» күнді қоя отырып, шешімдерге алдын ала нөмір беру фактілері жиі орын алғандығын (шын мәнінде отырыс өткізілмеген, комиссия мүшелерінің қолдары қойылмаған), комиссия мүшелерінің қолдарын жинау жеке-жеке жүргізілгенін, тіпті комиссия мүшелерінің қолдарын жинау үшін қызмет алушылардың өздерін жіберу жағдайлары болғанын көрсетті.
Сонымен қатар, Жер кодексінің талаптарына қарамастан, комиссия отырысы аудио-бейнежазба құралдарының көмегімен тіркелмеген.
Бұл комиссия мүшелерінің бір жерде жиналмағандығын және сол үшін де комиссияның барлық шешімдері заңды болып табылмайтынын көрсетеді.
Жер комиссиясының жұмысындағы ашықтықты және объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповқа жер комиссиясының құрамына және оның Ережесіне отырысты өткізу кезеңділігін белгілеу, арнайы мониторингтік топтың мүшелерін комиссия құрамына енгізу, отырысты белгілі әлеуметтік желілерде (оның ішінде "фейсбук" бетінде) онлайн трансляциялауды қамтамасыз ету жөнінде және толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар жолданды.