«Ашық есік» қатерлі ісіктің алдын алады

191016123815207e.jpg

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының онкологиялық емханасында «Ашық есік» күні өтті. Арнайы аптаның демалыс күні – сенбіде ұйымдастырылған шара сүт безі қатерлі ісінің алдын алуға бағытталды. Бұл күні білікті медицина мамандары тұрғындарға тегін дәрігерлік көмек көрсетіп, тиісті кеңестерін берді.

– Әйел адамдардағы сүт безі қатерлі ісігін анықтау мақсатында скрининг жасап жатырмыз. Былтыр 50 мен 60 жас арасы болса, қазіргі таңда 40 пен 70 жас аралығын есепке алып отырмыз. Скрининг өткізіп, науқас бойындағы дерттің түйіндерін ерте бастан анықтап, ем алуға жібереміз. Олар, УДЗ, пальпация әдісі арқылы тексеріледі, – дейді онкомаммолог Марат Ижанов.

Маманның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуының өзіндік факторлары бар. Олар – күйзеліс, травма, тұқымқуалаушылық, экология, баланы аз емізу. Аталған дертті анықтау үшін арнайы сараптама жасалады. Әзірге Нұр-Сұлтан қаласында ғана жүргізілетін мұндай сараптаманың құны 906 мың теңгені құрайды екен. Егер адам бойынан қатерлі ісік табылар болса міндетті түрде ем шара жүргізіледі. Медицинада қатерлі ісікті емдеудің төрт түрі қарастырылған. Сол ем шара біткеннен кейін науқас бірінші жылы – әр 3 айда, екінші жылы – 6 айда, үшінші жылы жылына бір рет дәрігерге қаралып тұруы тиіс.   

Сондай-ақ, сүт безі қатерлі ісігі ер адамдарда да кездеседі. Жүз әйелдің ішінде бір еркекте кездесуі 1 пайызды құрайды екен.

– Науқастар дерті асқынған кезде – үшінші, төртінші сатысында келсе, емдеу қиындайды. Себебі, ісік асқынып, метастазға айналып кетеді. Өкінішке орай, соңғы уақытта сүт безі қатерлі ісігі жас қыздарда да көп кездесуде. Әсіресе, 22-25 жасар бойжеткендеріміз осы дертке шалдыққан. Ал, бұл дерттің тұқым қуалаушылық әсері 10-15 пайызды құрайды. Яғни, анасы ауырған болса, қызы да шалдығуы мүмкін, – дейді Марат Түсіпбекұлы. 

Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін екі жылда бір рет скринингтік тексеруден өту ұсынылады. Сонымен қатар, жылына бір рет УДЗ дәрігер мен маммолог кеңес алып тұру қажет.