Жамбылда 65 медициналық нысан пайдалануға беріледі
Жамбыл облысында биыл 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыстық Денсаулық басқармасының басшысы Марат Жаманқұлов хабарлады.
Жамбыл облысында алғашқы медицина-санитарлық көмек көрсету нысандарының тапшылығы жойылуда. Бұл мәселе облыс әкімінің тапсырмасына орай биыл толығымен шешімін таппақ. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 30 нысан салынып ел игілігіне берілген.
– Жалпы былтыр жүргізілген зерделеу шараларының нәтижесінде өңірде осындай 95 нысанның қажет екені анықталған. Аймақ басшысы бұл тапшылықты жедел шешуді тапсырып, олардың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу қолға алынды. Айта кетейік, 95 нысанның алғашқы жалпы құны 6 миллиард 200 миллион теңге болса, оңтайландыру арқылы 2 миллиард 400 млн теңгеге, демек 3 есе арзандатылды. Бұрындары әр жылы осындай 10 нысан ғана салынатын. Бұл орайда бюджет қаржысын үнемдеуден бөлек, аталған күрделі мәселе небәрі 2 жылда шешіліп отыр, – дейді Марат Жұманқұлов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы бұл бағытта мердігерлерлер жауапкершілігі күшейтіліп, кепілдік мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайғанын, айыппұл мөлшері 4 есе көбейгенін жеткізді. Сонымен бірге, өткен жылы 200 төсектік облыстық онкологиялық диспансер ғимаратының құрылысы басталды. Саладағы құрылыс жұмыстарының жалпы құны 13,9 миллиард теңгені құрайды.
Диагноз газеті