1406 нөміріне шағымдануға болады

73390835_1733112886820835_3423157254956777472_o.jpg73390835_1733112886820835_3423157254956777472_o.jpg

Түркістан облысының Қазығұрт және Төлеби аудандарында облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев бастаған топ аудан жұртшылығымен кездесіп, Медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмек жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

Аталмыш жүйе елімізде 2020 жылдан бастап енгізіледі. Яғни, тұрғындар кепілдендірілген тегін медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша қызмет алатын болады. 
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы жүйе жүзеге асқан соң медициналық қызметтердің сапасы айтарлықтай жақсарып, бәсекелестік артатығын жан-жақты түсіндірді.

Әр адам өзіне ұнаған дәрігерді немесе емхананы таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек кездесетін медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды медициналық қызметтерді сақтандырылған азаматтар ғана пайдалануына мүмкіндік туады.

МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмектер осы пакет шеңберінде көрсетіледі. Айта кетерлігі, еліміздегі кенжелеп қалған медициналық оңалту, қалпына келтіру көмектері жоғары тарифтермен кең ауқымда көрсетіледі.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қызметкерлер әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды қатысушылары бола отырып, сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, жұмысқа ресми түрде орналаспаған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша қызмет көрсетпейтін азаматтар дербес төлем жасаушылар санатына жатады, сондықтан МӘМС жүйесіне қатысу үшін олар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасауы қажет – деді Асхат Бейсенбаев.

Егер қандай да бір медициналық ұйым қызмет көрсетуден бас тартса немесе қызмет сапасыз көрсетілсе, еліміздің әрбір тұрғыны 1406 байланыс орталығына хабарласа алады. Қазақстандықтардың 1406 нөміріне шағымдануға, ұсыныс айтуға, құқықтарының бұзылуы және басқа да фактілер туралы хабарлауға толық құқығы бар.

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: 1406 нөміріне шағымдануға болады