Скрининг қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі

zgdy7uujzspcouyloby4.jpg

Қазіргі таңда әйелдер арасында кездесетін сырқаттардың ішінде кең тараған ісіктердің бірі – сүт безі обыры. Бұл жерде қатерлі ісік сүт безінің тінінде өсіп, қатар жатқан ағзаларға және басқа да мүшелерге метастаздарын жіберіп жатады.


 

Жер шарында тері обырынан кейінгі екінші орында тұрған ісік – ол сүт безі обыры. Бұл ісік тек  әйелдерде ғана емес, ерлер ағзасында да тіркеледі

 

Сүт безі обырын анықтау тәсілдері қазіргі таңда дамыған медицина үшін түк емес. Дер кезінде анықтаса, бұл сырқат тез емделеді.

 

Сүт безі обыры – бұл таралуы бойынша екінші, әйелдер арасындағы ісік ауруларының алдыңғы қатарында тұрған ауру! Өкінішке қарай, әрбір жиырмасыншы әйел адам сүт безі обырына шалдығады екен.

 

Қатерлі факторлардан бөлек, тұқым қуалау да сүт безі обырына тән. Егер сіздің анаңыз немесе апаларыңыз осы сырқатпен ауырса, сізде осы ісік пайда болуы ықтимал және ол қатер 43 пайызға өседі.

 

Жыл сайын 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйел адамдар 4 жыл сайынғы жиілікпен сүт безі обырының алдын алу, ерте анықтау мақсатында маммографиядан өтіп отырады, осы себептен сізді учаскелік медицина қызметкерлері шақырса, міндетті түрде  сүт безі обырына тексеріліңіз.

 

Сүт безінде қандай да бір патологияның бар екенін анықтаудың ең оңай тәсілі – өзіңді-өзің үй жағдайында тексеру, қарау. Бұл шараны қалай орындау қажет екенін терапевт және гинеколог дәрігері үйретеді. Егер сіз өзіңіздің сүт безінен өзгеріс байқасаңыз немесе сүт безінен шығып тұрған сұйықтық көрсеңіз дереу дәрігерге қаралыңыз. Өз бетімен емделу, ұялшақтық аурудың асқынуына соқтырады.

 

Сүт безін тексерту және кішігірім мөлшердегі ісіктерді анықтау үшін қандай да бір күрделі аппаратураның немесе қымбат тұратын зертханалық тестілердің қажеті жоқ. Пальпациялық зерттеуден (пальпация – дененің белгілі бір бөлігін саусақпен басып тексеру әдісі арқылы диагностикалық зерттеу) өту жеткілікті. Пальпация арқылы сүт безіндегі өте үлкен емес түйіндерді анықтауға болады. Сондықтан әйелдердің сүт безін өзіндік тексеру техникасын білуі өте маңызды мәнге ие. Сүт безіне өзіндік тексеру жүргізуді 20 жастан бастауға болады, оны ай сайын жүргізу және сүт безіндегі кез келген өзгеріске көңіл бөлу керек. Бұл процедура әдетке айналуы тиіс және әр айдың белгілі бір күнінде, мүмкіндігінше етеккір аяқталғаннан кейінгі бірнеше күн ішінде жүргізілуі керек. Қандай да бір түйінді, ісікті, күдікті аумақты, ауырсынуды, басқа да алаңдататын симптомдар байқалған жағдайда онкологқа жүгінуге асығыңыз.

 

Тек қана дәрігер сүт безінің ауруын анықтап, дұрыс ем тағайындайды.