Қор емдемейді, бірақ науқасқа қол ұшын береді

mems.jpg

Көбіне халыққа көрсетілетін медициналық көмек көлемі белгілі бір облыстың немесе қаланың мүмкіндігіне, бюджетіне тікелей тәуелді болды. Салдарынан аймақтар арасында тариф теңсіздігі қалыптасты. Медициналық көмек ақысы әртүрлі тариф бойынша төленгендіктен, облыстар арасындағы тариф айырмасы бірнеше есеге жетті. Бұл өз кезегінде медициналық қызмет сапасына әсер етіп, оның қолжетімділігін төмендетті. Енді барлық медициналық көмекті сатып алу функциясы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құзырына өтті.


Қордың алғашқы қадамы – дәрілерді орталықтандырылған жерден алып, науқасқа жеткенше қадағалау болды, тиісінше, бұл қадамнан 23 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаражат емханалар мен жедел жәрдем қызметіне, дәрілерді сатып алу және жоғары технологиялы медициналық қызметтерге бағытталды.

Екінші қадам – тарифтерді теңдестіру.

Үшінші қадам – сатып алуды жеңілдету және цифрландыру. Нәтижесінде қойылатын талаптар жеңілдейді, қызмет көрсетуші клиникалар саны көбейеді, бәсекелестік артып, халық сапалы медицинаға қол жеткізеді!

Қор мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде медицина ұйымдарының көрсеткіштері назарға алынатынын ескертеді. Сондықтан, клиникалар пациенттерге сапалы қызмет көрсетуге күш салуы тиіс.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 703,8 мрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті  шеңберінде бөлінді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 75% -ын құрайды. Жалпы, биылғы жылы Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 932,5 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 14 пайызға артық.  

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 1405 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 711 жеке меншік клиника да бар. Мемлекеттен тапсырыс алған жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.