Ерте жүктіліктен қорғанудың амалы

f2e529696686932ff263c9a52fe8677a_resize_w_1140_h_696.jpg

Оған дейін, қаңтарда алматылық 15 жастағы қыз, 2017 жылдың аяғында Батыс Қазақстанда 14 жастағы оқушы қыз, Ақтауда 16 жастағы қыз мектепте, Өскеменде 15 жастағы қыз үйінде босанды. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында кәмелет жасына толмағандар арасында екі жүктілік жағдайы тіркелді. Ол қыздардың бірі 14 жаста болса, енді бірі 12 жасында босанған. Мұндай мәліметтерді келтіре берсек, шегі жоқ және бұл деректер тіркеліп, жария болғандары ғана. Осы мысалдардың ерте жүктіліктен сақтануымыз керектігін аңғартып тұрғаны анық.


Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді – жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме артылады. Бұның қиындығы жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы – жүктілік қайта құрылуға жүктелгені. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес!

Ерте жүктіліктен қалай сақтануға болады? Ерте жүктіліктің негізгі проблемасы – бұл жыныстық тәрбие туралы білімінің жеткіліксіз болуы, не болмаса тәрбиенің мүлдем жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бірақ, бұл дұрыс емес. Негізінен, жоспарланбаған жүктіліктің 90 пайызы отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты болып келеді. Яғни, ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала «әдейі» бәрін кері істейді.

Мамандардың айтуынша, ұлдар мен қыздардың арасындағы тартылыс, физиологиялық өзгешеліктерді тану мен қызығушылық таныту балабақшадан-ақ басталады. Сондықтан, қыздардың жүкті болып қалатынын, қандай әрекеттерге баруға болмайтынын ұл мен қызға дер кезінде түсіндіру қажет. Ал, психологтар интернеттегі ақпараттың ашық алаңы да балалар психологиясы үшін қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда.

Проблемамен күресудің ең үздік тәсілі – проблемадан сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтанудың тәсілдері туралы ата-анамен жиі әңгімелесіп, жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқу керек.

Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі тиіс. Осындай өмірге ол дайын ба? Баланы көтеріп, өмірге әкеле ала ма? Егер ол ерте жүктілікке әзір болмаса, сақтанудың жолдары және құралдары туралы толық ақпараттануы қажет.

Ерте жүктіліктің нәтижесіне тоқталсақ, бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды, көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса, жақсы) жас ана тығырыққа тіреледі: білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды. Осының бәрі жалғыз бір жас анаға ауыр болатындықтан, көп жағдайда қателескендер перзентін балалар үйіне өткізіп жатады. Ал, бұл өкінішке орай, ерте жүктілік салдарынан болатын, жиі кездесетін оқиға.

 




®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ерте жүктіліктен қорғанудың амалы