Түркістандық кәсіпкерлер МӘМС жүйесімен таныстырылды

image.png

Түркістан бойынша кәсіпкерлік палатасында «Жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке қанша жарна төлейді?» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты түркістандық кәсіпкерлер медсақтандыру жүйесін енгізу тәртібімен таныстыру болды.

Дөңгелек үстелде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарын кеңінен түсіндіріп өтті.

Асхат Бейсенбаев жаңа жүйенің тәртібі мен артықшылықтарын кеңінен сөз етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы жеке кәсіпкерлер жарна төлеуден босатылған. Бірақ жұмыс беруші ретінде өздерінің жалдамалы қызметкерлері үшін аударымдарды төлеуді жалғастыруда. 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК жарналары есептеу объектілерінің 5%-ын құрайды. Жеке кәсіпкерлердің жарнасын есептеу объектісі - республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшері. Осылайша ЖК 1,4 ЕТЖ-ның 5% төлейді», - дейді филиал директоры. 

Жиында кәсіпкерлер тарапынан жарна төлерде қарастырылған жеңілдіктер мен төлеу мерзімдері және көлемі туралы сауалдар қойылды. Қор өкілінің айтуынша, елімізде міндетті жарнаны төлеуді келесі жылдан бастап мемлекет жүзеге асыратын жеңілдік берілген азаматтар санатына жататын 11 млн азамат бар. Ал, зиянды өндіріс орындарында қызмет ететін адамдар жеңілдік берілген азаматтар санатына кірмейді. «Алайда, 2017 жылдың 1 шілдесінен бері барлық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті жарна аударып отырғанын түсіну керек. Сондықтан, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қызметкерлер әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды қатысушысы бола отырып, сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі»,- деді Асхат Бейсенбаев. Жиын соңында түркістандық кәсіпкерлер келесі жылдан бастап енгізілетін медициналық сақтандыру жүйесінің әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады деген ойын білдірді.