Түркістандықтар «Worldskills Kazakhstan-2019» чемпионатында жүлдегер атанды

5dd27ec251925.jpg

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Сайысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 425 студент келіп, өз бақтарын сынасты. Байқауда Түркістаннан барған ТжКБ ұйымдарының студент жастары 17 құзыреттілік бойынша өз ісінде «Үздік» атағын қорғап, жүлдегер атанды.

Тәуелсіздік сарайындағы «WorldSkills Kazakhstan-2019» жұмыс алаңқайларында түркістандық жастар білім мен дағды, қабілет пен білікті танытатын «WorldSkills Kazakhstan-2019» бесінші республикалық чемпионатында өз шеберліктерін көрсетіп 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте үштікке кіріп, биыл да Республиканы мойындатты. 

Еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласының әлеуетін көрсететін аталған байқаудың мақсаты – жастарға кәсіптік бағдар беру, ел экономикасын дамыту барысында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, сарапшылар қауымдастығын құру және халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету механизмін құру. 

Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен келген 425 студент 38 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысты. Конкурсқа қатысушыларды 500-ге жуық сарапшы-төрешілер бағалады. 

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен кәсіптік-техникалық мамандықты игеруге бағытталған колледждер және әлеуметтік әріптестербірлесе отырып, білікті мамандар даярлап, облысты өнеркәсіптік хаб орталығына айналдыруды мақсат етіп отыр. Осы орайда, 65 колледждің 36-ы дуалды оқытуды іске асырып, 4333 студентті қамтып отыр. Аталған жүйе бойынша мамандар даярлайтын 4 колледжді өңірдегі ірі компанияларға сенімгерлік басқаруға беру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.