Түркістандық кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сый жасады
Жақында облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыстық мәслихат, қала әкімдігі және қаладағы жаны жомарт кәсіпкерлердің қатысуымен «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорына арналып салынған ғимараттың ашылу салтанаты өтті. Еркінбай Шалтан бастаған қор мүшелерінің қуанышында шек жоқ.
Қоларбаға таңылған жандарды арнайы жаттығулар арқылы жүруге талпындырған орталықтың ізденісі мол. Соның нәтижесі болса керек, бүгінгі пайдалануға берілген ғимарат Қазақстанда тұңғыш рет бой көтеріпті. Бейімдеу орталығында 16 жатын орын бар. Қосымша асханамен қамтылып, ғимарат есіктері ашып-жабуға ыңғайлы болуы үшін арнайы тапсырыспен жасалған. Бұл – осындағы азаматтардың мүмкіндігін арттыруға сеп болып отыр. Жаттығу залынның сыйымдылығы 45-50
Қоғам мүшелері «бұл әлі ісіміздің басы», – дейді. Түркістан қаласының тұрғыны Құлажан Қошқаров сыйға тартқан 1 гектардан (1,14 га) астам жерге арнайы бассейн және орталықтың мақсатына сай өзге де ғимараттар салмақшы. Ерекшелігі бұл жерде тереңдігі екі мың метрден шығып жатқан 36 градус жоғары температурадағы артезиан суы бар екен. Әлгі бассейн осы сумен толтырылады. Адам ағзасына пайдасы мол минералды су, оңалту шараларына таптырмас шипа болмақ. Оңалту орталығында еліміздің көптеген аймақтарынан келіп, бой тіктеп жүрген жандардың қатарында қырғызстандық азаматтар да бар екен.
Бұл ретте игі іске қолдау білдірген жандарды атап өтпеске болмас. Ғимараттың жері дайын болған соң, құрылысты салуға Сырым Ертаев, Қайрат Балабиев, Шәріпбек Жамалбекұлы, Инара Намазбаева, Ғаппар Сәрсенбаев, Баймахан Сүлейменов, Сүлеймен Арыстанов, Бақытжан Серманиязов, Ақбаян Әбдіғаппарқызы, Таубай Шабединов, Азиза Жәрімбетова, Қыдырбаевтар отбасы, Ақылжан Ақынбабаұлы, Алпысбай Есет, Шамиль Рысбеков сынды кәсіпкерлер үлес қосқан. Оның ішінде жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар, төсек орын секілді қажетті дүниелер де бар.
Айта кетерлігі, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының белді мүшесі Құлажан Қошқаров өз сөзінде барша демеушілерге алғысын білдіріп, шаттыққа кенелген «шапағаттықтардың» осындай күндері көп болсын деген ізгі тілегін жеткізді.