Инвестициялар салуда өнеркәсіп салаларына басымдық беріледі
Түркістан - сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Түркістанды дәл бүгінгі деңгейінен әрмен қарай көркейту қала тұрғындарының алдында тұрған басты міндет. Қалада туризм, кәсіпкерлікпен қатар өндіріс орындарын да мейілінше көбейту жоспарда. Себебі елбасы айтқандай отандық өнімдер саны артқанда ғана ел экономикасын жоғарылата аламыз. Бұл тұста облыс орталығы да ілгерілеп келеді. Оның нәтижелері қалада бой көтеріп келе жатқан жаңа кәсіпорындар.
Түркістанда инвестициялар салуда басымдықты салалар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлікпен операциялар, сондай-ақ білім беру болып табылады. Президент тапсырмаларының Түркістан облысында орындалуы туралы 2019 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындылары бойыншаөнеркәсіп өнімінің көлемі 323,9 млрд теңгені құрады. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға жуықты құрады. Өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері азық-түлік өнімдерін өндіру, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтикалық өнімдер және басқа да металл емес минерал өнімдер өндіру тәрізді бағыттар бойынша артып келеді.
Олар – жобалық қуаттылығы айына 4500 тонна болатын мақта өңдейтін зауытты, қуаттылығы жылына 20 000 тоннаны құрайтын мақта өңдейтін зауытты, қуаттылығы 2000 тонна бройлер еті болатын құс өсіру кешенін салу. Сонымен қатар ағаш жоңқасынан ламинатталып жасалған тақтайды өндіру және жиһаз қасбетін дайындау қарастырылған. Жобалық қуаттылығы жылына 198 мың дананы құрайды, травертин мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру қуаттылығы жылына 6000 тонна. Темірбетон бұйымдар өндіру зауытын, ет өңдеу цехын, сүт өңдеу зауытын, макарон өнімдерін өндіретін цехты салу жоспарланған.
Пластикті, барит кенін екінші рет өңдейтін кәсіпорын, балық өңдейтін цехты, йодталған тұз өндіретін, жиһаз қасбетін дайындайтын, тауарлық бетон, асфальтбетон қоспаларын, темірбетон және бетон бұйымдарын т. б. өндіретін кәсіпорындар салу жоспарланған.
Өңірде жалпы аумағы 1 938 га болатын «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылды, оған тарихи-мәдени орталық, әкімшілік-іскерлік орталық және өнеркәсіптік аймақтар кіреді. АЭА аумағында туристерді орналастыратын орындар, санаторийлік және сауықтыру нысандары, инфрақұрылым нысандары, тұрғын үй кешендері, мектептер, музейлер т.б. орын тебеді.