528 адам вакцинациядан бас тартты
Түркістан облысында 528 адам вакцина қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы Түркістан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаметінің басшысы Н.Нышанов мәлімдеді.
– Екпе егумен қатар, сол егулерден бас тартулар да кездеседі. Облысымызда барлығы 528 егуден бастартушылар тіркелген. Олардың әрқайсысы әртүрлі себептерге байланысты егу алмағандар. Атап айтқанда, діни көзқарастарға байланысты – 53,4%, негативті ақпараттарға байланысты (газет, интернет т.б.) – 23,7%, жеке сенімдерге байланысты – 13,3%, вакцинаға сенімсіздігінен – 9,7% құрайды, – деді департамент басшысы "Қазақстан-Шымкент" телеарнасының "Денсаулық" бағдарламасындағы "Екпенің маңыздылығы туралы" тікелей эфир сұхбатында.
Н.Нышановтың айтуынша, облыс бойынша мақсатты топтардың жастарына сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы иммундаумен қамтылуына, ай – сайын мониторинг жүргізіледі. 2019ж. 10 айына мақсатты топтардың иммундаумен қамтылуы оптималдық деңгейді құрады. Соның ішінде: босану үйінде вирустық В гепатит жұқпасына қарсы иммундаумен қамтылуы 89,1% құрады. Ал басқа вакциалармен қамтылу деңгейі кем дегенде 80% құрап отыр. (1 жасқа дейінгі мақсатты топтардағы балалардың полиомиелитке, көкжөтел, күл, сіреспе және гемофильді жұқпаларға қарсы иммундаумен қамтылуы – 82-84%, пневмокок – 83,1% құрады. 2 жасқа дейінгі мақсатты топтардағы балалардың көкжөтел, күл, сіреспе және гемофильді жұқпаларға қарсы иммундаумен қамтылуы – 80,0%, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы егумен қамтылуы – 78,8%, полиомиелитке қарсы иммундаумен қамтылуы – 79,3% құрады. 6 жастағы қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке қарсы егумен қамтылуы – 76,3%, АбКДС екпесімен қамтылуы – 77,3% және 16 жастағы жасөспірімдердің күл, сіреспе жұқпасына қарсы егумен қамтуы – 84,0% құрады. Ересектердің күл, сіреспе жұқпасына қарсы егумен қамтуы – 85,2% құрады.)