Стоматология клиникасы ашылды
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультеті 2016 жылдан бері стоматолог мамандарын даярлап келеді. Қазір мұнда барлығы 858 студент дәріс алуда. Жақында университет жанынан стоматология клиникасы ашылды. Енді студенттер сол орталықта тәжірибеден өтіп, білімін теориямен ұштастыратын болады. Оған қоса тіс клиникасы жергілікті халықққа да ем-дом жасайды.
«Біз бұған дейін практиканы Түркістан қаласындағы басқа емханаларда өткізіп келдік. Енді мына жаңадан ашылған клиника бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр»,- дейді 4 курстың студенті Данияр Өмірзақ.
Мұнда ұстаздар студенттердің теориялық білімдерін науқасты емдеу барысында тәжірибеде көрсетеді. 18 заманауи фантомдар және протез-техникалық лабораторияларында жұмыстар жүргізіледі. «Бұл клиника біздің студенттердің оқу базасы деп айта аламыз. Мұнда дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер алған білімін осында жетілдіреді. Тәжірибені осында өткізеді»,- дейді стоматология кафедрасының меңгерушісі Мұхтар Ескендіров.
Стоматологияны жабдықтауға Түрік республикасы толықтай қаржыландырды. Алдағы уақытта тағы да қаржы бөліп қажетті құралдарды алып беруге уәде беріп отыр. «Біз денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық басқармасына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша қосуға өтініш бердік. МӘМС жүйесіне қосылсақ Түркістан қаласы мен облыс тұрғындарын емдейтін боламыз»,- дейді университет ректоры Болатбек Абдрасилов.
Алдағы жылдары оқу орнының клиникасы тек студенттер, жергілікті тұрғындар үшін ғана емес облыс халқына да есігін айқара ашпақ.