Арыстың вокзалына 115 жыл!
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының басты символы темір жол вокзалы десек те болады. Жарылыс кезінде вокзал аумағына да зақым келген болатын. Төтенше жағдайдан кейін мамандар шойын жол аумағына жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын.
Жақында Қазақстан темір жолының төрағасы Сауат Мыңбаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Түркістан және Арыс қалаларының темір жол вокзалдарында болды. "Қазақстан темір жолы ҰК" АҚ-ның төрағасы Арыс темір жол стансасындағы көлік инфрақұрылымы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Шойын жол нысандарында жүргізілген барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. Жарылыс салдарынан темір жол торабында орналасқан 60-тан астам қызметтік-техникалық ғимараттар, көптеген тұрғын үйлер зақымдалған болатын. Қысқа уақыт ішінде көне теміржол вокзалы толық қайта жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Қала өміріндегі тарихи да маңызды нысанның күрделі құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізді. Арыс– Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар кенті. Халқының басым көпшілігі де шойын жол саласында қызмет етеді. Биыл Арыс қаласының 1-теміржол вокзалына 115 жыл толып отыр. Іргетасы 1904 жылы қаланғанкөне ғимараттың іші-сырты толық жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи сәулеті сақталып, ұрпаққа көне жәдігерлердің бірі болып қалмақ.