Ұстаз - ұлы есім!
Ғалым да, шахмет да бас иетін ұстаздар – мамандық атаулының төресі болып саналады. Төлебиліктер ханға да қараға да білім мен тірбие берген мұғалімдерді ұстаздар мерекесі қарсаңында құрмет көрсетті. Аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» тақырыбында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Бауыржан Омарбеков, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Б.Омарбеков: «Адам баласы өз дамуында жаңаны үйреніп, ғылымды, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Адам жанына осы асылды дарытушы – Ұстаз! Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төге берсін»- деп, білім қазынасына үлес қосып, ұрпақтар зердесіне ғылым мен білімнің дәнін сеуіп жүрген ұстаздар қауымын құттықтады.
Салтанатты іс-шарада шәкіртке білім беру жолында талмай еңбек еткен, ауданымыздың білім саласының дамуына өз үлестерін қосқан мұғалімдер Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен, облыстық мәслихаттың грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың грамотасымен, облыстық кәсіподақтың және білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, облыстық, республикалық олимпиадаларға оқушыларын дайындап, шәкірттері жүлделі орында көрінген ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Мерекелік іс-шара ұстаздық қызметке алғаш кірген жас мұғалімдердің ант қабылдау рәсімі мен концерттік бағдарламаға ұласты.