Қариялар зиярат етті

Screenshot_3.jpg

Отырарлық қариялар өңіріміздің тарихи, киелі жерлерін аралап, бір жасап қалды.  Аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов бастаған қазыналы қариялар «Қарты бар елдің-қазынасы бар» деп ұрандатып, Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етті. Жаңартылған, жаңғырған музей экспонаттарымен танысқан отырарлықтар Түркістан тарихынан терең мағлұматтар алып, ерекше әсерге бөленді. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» демекші ардагерлер тарихымызға қатысты, ұлы тұлғалар жайлы  көрген-білгендерімен бөлісіп, ақылдарын аямады. 

Облыс орталығына айналған Түркістан қаласы 16 секторға бөлінген. Отырарлықтар өздеріне тиесілі 9-секторға арнайы барып, болашақта қалаға көрік беретін, шіліңгір шілдеде сая болатын тал көшеттерін отырғызды. «Атадан мал қалғанша тал қалсын»  деген тәмсілді ұстанған қариялар болашақ ұрпаққа осылайша үлгі-өнеге көрсетті. 

Киелі шаһарда арнайы жайылған дастархан үстінде қарияларға аудан әкімі мен мәслихаттың және ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен бірге кәде сыйлар тапсырылды. Қайтар жолда «Гауһар-ана» кесенесіне зиярат еткен аудан ардагерлері ауылға көтеріңкі көңіл-күймен жетті.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қариялар зиярат етті