Егістік енді сусамайды
Диқандар судан тапшылық көрмеуі тиіс. Себебі су болмаса өнім де болмайды. Осы мақсатта ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 су нысаны және ҚР Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы облыстық меншікке қабылданды. Нәтижесінде, Түркістан облысы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың гектар суармалы жерлерін ағын сумен тұрақты және уақытылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті 38 сессиясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Жоғарыда аталған су нысандарын тиімді пайдалану, қорғау, күтіп ұстау, дамыту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінгі күннің өзінде жалпы құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Олар: Түркістан магистральды каналына Сырдария өзенінен машиналық әдіспен су беру құрылысын жүргізу арқылы қосымша 80 млн. м3 ағын су жеткізу жобасы; Түркістан магистральды каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн. м3 ағын суды үнемдеу жобасы; «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салып, 15 млн. м3 ағын су жинау жобасы; Арыс-Түркістан массивінде жарамсыз болып қалған 145 дана тік ұңғыманы қайта қалпына келтіре отырып 34,7 млн. м3 қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобасы. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша облыстық бюджеттен жобалық сметалық және техника-негіздемелік құжаттарын әзірлеуге қаржы қарастырылып жұмыстар жүргізілуде.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі 196 млн. м3 ұлғайып, қосымша 1500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.