200 бала тегін жолдама алды
Түркістандық 200 бала жазғы демалыс лагерлеріне тегін жолдама алды. Әзірге оның 30-ы сауықтыру орындарына жайғастырылды. Рухани шаһардағы демалыс орындарында балалардың уақытты тиімді пайдалану үшін барлық жағдай қарастырылған. Жеке шығармашылық орталығы да жұмыс істейді.
Тегін жолдама алған оқушылардың бірі Аяулым Қажығалиқызы оқуда озат, тәртібі үлгілі. «Менің мұнда екінші рет келуім, мұнда өте қызық. Ойнаймыз, суға шомыламыз, көптеген достар таптым»,- дейді ол.
Балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагері 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда жазғы маусымда 900 бала қамтылады. Оның 200- ден астамы білім бөлімінің тарапынан тегін демалады.
Қазір мұнда 150 бала демалып жатыр. Оның отызы тегін демалып жатыр. Оларға үздік оқығандар, жартылай жетім, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар»,- дейді аға тәрбиеші Айнұр Жүсіпәлі.
Жазғы демалыс орындарында балаларға имандылық пен мәдениет тұрғысында дәрістер өткізіледі. Түрлі спорттық сайыстарда сынға түседі. Балалардың денсаулығы да жіті қадағаланады.