Қауынның жаңа сортын екті
Мырзашөлдің балдай тәтті қауындарына сұраныс күшеюде. Жергілікті диқандар бұл жолы "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірігіп қауынның «Жиенбет», «Валет» секілді сорттарын егуде.
Жаңа сорттардың дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді, яғни ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары диқандарымыз үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның бірнеше елдерінің нарығына кіріп отыр.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады.
Қауын-қарбыз бизнесі қызып тұрған Мақтааралдың шаруалары өнімдерін эскпортқа шығару арқылы биыл мол өнім мен табыс табамыз деген үмітте.