Тәуелсіздік үшін күрескен ер Сұлтанбек
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – музейі және С.Ерубаев музейлерінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Алаштың айбары – ер Сұлтанбек» атты іс-шара және көрме өтті.
Тәуелсіздік жолында бүкіл өмірін сарп етіп, елінің ертеңі үшін күрескен тұлғалардың бірегейі – Сұлтанбек Қожанұлының өмірі мен ел үшін атқарған еңбек жолы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің кітапханасында сақталған кітаптар және фотосуреттер, зерттеу еңбектері арқылы сыр шертті.
Жиын барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков шараның маңызы мен тәрбиелік мәніне тоқталды. «Сұлтанбек Қожанов десе білмейтін қазақ жоқ! Ол түсінікті де, өйткені, өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалды. Ел ішінде елшіл ері болмағаны мен оның атқарған істері мәңгілік тарих толқынында жанды күйде сақтап қалады», – деді Мұрат Тастанбеков.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазретәлі де Сұлтанбек Қожановтың тарихи істерін анықтап, ұрпаққа қалдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. «Мен Ташкент, Мәскеу, Орынбор, Алматы, Шымкент архивтерін ақтарып көрдім. Құжаттардың бәрін жинап, құжат негізінде 5 томдық кітап дайындаймыз, алдағы уақытта жарыққа шығатын болады. С.Қожанов 1894 жылы Созақ ауданына қарасты Ақсүмбіде, дүниеге келді. 1916 жылда басталған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан. Қазақ балаларын батыр болуға шақырды. Қазақ атының, қазақ халқының жоғалмауын тіледі. Ол, – елін шексіз сүйді. Ал ендігі кезекте батыл ерін барша ұрпақ естен шығармауы тиіс. Оның іздерін, істерін жаңғырту сіз бен біздің азаматтық парызымыз саналады», – деді профессор.
Шара барысында қай салада болса да бірінші кезекте ұлттық мүддені ойлаған Қожановтың еңбекшіл халқымен берік байланысы, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет мәселелерін шешудегі істері жөнінде де пікірлер айтылды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығын елеусіз қалдырмай, кең көлемде тойлауды, ер есімін ұлықтауды тапсырған болатын.