Бие сауып, қияр өсірген ұтылмайды
Шыбық ексең шынар өсетін Төле би ауданында ауыл, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінде ауылдарда осы саланың құлағынна ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жеткілікті. Солардың бірқатарымен жақында аудан әкімі Бауыржан Омарбеков кездесіп, шаруашылықтарды аралап қайтты. Алдымен жұмысшы топ Сыпабеков Әлімжанның қосалқы шаруашылығындағы сауынды биелердің жұмысымен танысты. Ата кәсіпті қолға алған Әлімжанға сәттілік тіледі. Мұнан кейін басшылар «Өркен» ШҚ-ның жылыжайын және 7 га жерге егілген бауын, Гүлсара Ералиеваның үй іргелік жерін, жеке кәсіпкер Ахатова Назипаның 8 га жерге егілген қарқынды бауын аралап көрді.
Аудан басшысы сапары барысында Қаратөбе ауылдық округінде ауылшаруашылығы жұмыстарын жандандыруға негіз көп екенін айта келе, бақша дақылдарын егіп, бүгінде облыс орталығына қиярын саудалап, пайдасын көріп отырған Кененбаев Шырынбектің еңбекқорлығын көпшілікке үлгі етіп, жергілікті тұрғындарды суармалы жерлерін тиімді пайдалануға, етті, сүтті бағыттағы мал басын көбейтуді, жайылымдық жер қорының болуына байланысты бие байлап, қымыз саудасын жандандыруды баса айтты. Сондай-ақ,Қаратөбе ауылдық округінде шағын сүт цехын ашу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді, омарташылықпен айналысып жатқан азаматтар және олардың өнім көлемі, өнімнің қайда шығарылып сатылып жатқаны туралы толық ақпарат жинақтауды, аудандағы мектептердің білім сапасын көтеруді, ветеринария саласы бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп тұру керек екенін тапсырды.