Қолжетімді медициналық қызметтер көбейді
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров және министрліктің инвистициялық саясат департаментінің директоры Аслан Кинаятов бастаған аймақтың штаб мүшелері жақында Шымкенттегі медицина ұйымы басшыларымен кездесіп, шаһардағы көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің жан-жақтылығын, толықтығын қарау мақсатында бір қатар медициналық мекемелерді аралап шықты. Жұмыс топ өкілдері қаладағы сегізінші және он үшінші емханаларды аралап, тіркеу бөлімінің жұмысы арқылы пациенттердің мәртебесін және сақтандырылғаны жөнінде ақпаратты тексеріп көрді. Сондай-ақ емханада медициналық қызмет көрсететін бейінді мамандардың жұмыс кестесін бақылады. Нақтырақ айтқанда,жұмыс тобы науқастар үшін бейінді мамандар қызметінің қаншалықты қолжетімді екенін бірыңғай КМИС жүйесі арқылы тексерді. Аслан Қинаятов бастаған топ мұнан соң бірінші қалалық клиникалық ауруханаға да бас сұқты. Алдымен мамандар МӘМС бойынша төлем жасайтын ауруханаға орнатылған терминалдың жұмысымен танысты. Төлем жасайтын құрылғы аурухананың қабылдау бөлмесінде орнатылған, және ол арқылы сақтандырылмаған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және пациенттердің басқа да санаттары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна енгізе алады.
Қабылдау бөлмесі ТРИАЖ жүйесі бойынша бөлінген. Науқастар сары (шұғыл пациенттер) және қызыл сызық (өміріне қауіп төніп тұрған пациенттер) бойынша қабылданып, тиісті ем көрсетіледі. Жоспарлы науқастар үшін жасыл желі ғимаратқа басқа кіреберісте орналасқан.
Сапар барысында Аслан Қинаятұлы медицина қызметкерлерінің жаңа реформаларға дайындығын да тексерді. ҚКА барлық дәрігерлері мен медбикелері пациенттердің мәртебесін қалай анықтау керектігін біледі. Аурухана МӘМС енгізуге 100% дайын.
Штаб мүшелері шымқаладағы №4 емханаға да кіре кетті. Жұмыс топ өкілдері емхананың тіркеу бөлімінің жұмысы арқылы пациенттердің мәртебесін анықтаудан бастады. Нақтырақ айтқанда пациенттерге МӘМС бойынша жарналарды төлеудің шарттарын түсіндіріп бейін мамандарға, аймақтық дәрігерлерге жіберуде ешқандай кедергі жоқтығы көрсетілді. Мұнан соң жұмыс тобы жаңадан ашылған медициналық реабилитация және қалпына келтіру бөліміне өтіп, мұндағы пациенттердің толыққанды көмек алуына мүмкінішілік жасалғанын көрді. Мамандар емхананың жұмысын жақсы бағалап, биік жетістіктер тіледі.
Жұмыс күнінің соңында аймақтық штаб мүшелерінің қатысуымен қалалық әкімдікте жиын өтті. Жиында сөз алған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Талғатұлы науқастар үшін кез-келген қызмет қол жетімді болу қажеттігін тілге тиек етіп: - Ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейін кез-келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан медицина мамандары науқастарға бас тартпауы тиіс. Қандай жағдай болмасын пациенттің пайдасына шешілуі тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әрдайым көмектесуге дайын.Сондай-ақ 1406-нөмірі арқылы тәулік бойы сақтандыру қорының колл орталығына хабарласуға болады. Медициналық ұйымдарды аралау кезінде емханалардың жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуге дайын екендеріне көз жеткіздік. Барлық мамандардың жұмысына алғысымды білдіремін”-деді.
Айта кетейік, биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі 35 пайызға артып отыр.Нәтижесінде науқастарға қол жетімді медициналық қызметтер саны көбейген. Биыл қаладағы медициналық ұйымдарда реабилитациялық қызмет көрсететін 600-ден аса төсек орынға ашылды. Оңалту емін жүргізетін ұйымдардың басым бөлігі қала тұрғындарына тәулік бойы медициналық қызмет көрсетеді. Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау басқармасына қарасты 7 ұйымда ситуациялық орталық ашылған. Ситуациялық орталықтың жұмысы бірыңғай жүйе арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осының арқасында мамандар денсаулық сақтау саласындағы мәселердің шешілуін дер кезінде қамтасыз етеді. Еске салсақ, қаладағы медициналық ұйымдарда пациенттерді электронды денсаулық куәлігімен қамтамасыз ету 100 пайызды құрап отыр.
Диагноз газеті