Дәрігерден жасыруға болмайтын 8 факті

Ақ халаттыларға өтірік айтып абырой таппайыз. Өйткені олардан шындықты жасырып қалу денсаулығыңызды тәуекелге тіккенмен тең. Дәрігер пациентті тексермес бұрын денсаулығы туралы бірқатар шындықты білуі шарт.  Олар қандай шындық?

Screenshot_3.jpg

1. Қандай дәрілер немесе БҚҚ (биологиялық қарқынды қоспалар) қабылдап жүрсіз?

Дәрілердің түрі көп болғаны сондай олардың өзара әрекеттесуі де әртүрлі болып келеді. Дәрілік препараттарды қатарынан қабылдау олардың әсерін әлсіретіп немесе керісінше күшейте түсуі мүмкін. Сол себепті дәрігер сіздің қандай дәрі ішіп жүргеніңізді сұрауы заңды. Оның тағайындаған дәрісі сіздің бұрынғы қабылдап жүрген препаратыңызға кері әсерін тигізбеуі керек. Сондай-ақ қандай да бір БҚҚ-ны ішіп жүргеніңізді дәрігерге ескертіңіз. Өзге дәрілер секілді ол да үйлесімділік таба бермейді. Жалпы медицина мамандары БҚҚ-ға үйір болмауға шақырады. Денсаулығыңызға пайдасы мол деген жарнамасынан көз сүрінетін мұндай қосымша дәрілер көбіне фармацевтикалық стандарттарға сәйкес келе бермейді. Сенімінен күмәні басым БҚҚ-ны қабылдау артық қыламын деп тыртық қылуға әкеліп соқтырады.  

2. Бұрын соңды ота жасатқансыз ба?

Дәрігер мен пациенттің арасында құпия болып қалмауы тиіс екінші қағида – ота. Науқас бұған дейін ота жасатқан болса міндетті түрде айтуы керек. Бұл арқылы маман сіздің ота кезінде қандай наркоз қабылдағаныңызды және отаны қалай көтергеніңізден хабардар бола алады. Керекті ақпарат дәрігердің тағайындағалы жатқан дәрілері сіздің организміңіз көтере ала ма, жоқ па деген мәселені шешеді.  

3. Темекі шегесіз бе?

Өз ісінің шебері алдына келген пациенттің тісіне, қол, бетінің терісіне, тырнағына қарап темекі шегетінін яки шекпейтінін бірден біле алады. Дегенмен медицина қызметкерінің  бәрі бірдей емес. Темекіге құмарлығыңыз бар болса оны айтқаныңыз жөн. Мұндай жағдайда дәрігер сізді бірден электрокардиография аппаратына жолдайды. Бұл пациенттің кез-келген уақытта болатын ұстама, дем жетіспеу секілді ауруларының алдын алады. Сарапшылардың айтуынша, 35 жастан асқан темекі шегетін әйелдердің жүрек ауруына шалдығу қаупі жоғары болады екен. Оның үстіне темекі тарту тыныс алу жолдарының, жүрек-қан тамыры жұмысының бұзылуына, қант диабетінің өршуіне және өкпе рагінің туындауына себеп болады. 

4. Ішімдікке қалай қарайсыз? 

Пациенттің спирттік ішімдіктерді тұтыну, тұтынбауы әсіресе, асқазан-ішек жолдары, жүрек аурулары, психологиялық дерттерді емдеуде маңызды роль атқарады. Пациент ішімдікті жиі ішетінін мойындаса, онда уақыты мен бюджетін үнемдей түседі. Мәселен, науқастың бүйрегінің үлкеуінің себебін анықтау үшін бірнеше тексерістен өту қажет. Егер дәрігерге алькогольдік сусындарды көп ішетініңізді айтсаңыз, жоғарыдағы мәселенің түйіні шешіледі де бірден ем-домға кірісіп кетеді. Пациенттің күндіз ұйқысырап, ал түнде ұйқысыздыққа шағым айтса, мұның да бір себебі осы алкоголь. Мұндайда дәрігер емдік шаралар біткенше зиянды сусындарды қолдануды шектеуге шақырады. Өйткені  көптеген дәрілер ішімдікпен араласқанда бауырдың жұмысына кедергі келтіреді. 

5. Қауіпті инфекцияны жұқтырушысыз ба?

Пациенттердің дәрігерден жасырып қалатын ең өзекті мәселесі осы. Қандайда бір жұқпалы инфекцияны жұқтырған адам оны абзал жандарға айтуды жөн көрмейді. Бір жағынан ұялса, екінші жағынан оны өзгелер сөгетіндей көреді. Алайда тіліңізді тістеп қалып, біреудің обалына қалып жүрмеңіз. Гепатит немесе ВИЧ-пен ауыратын болсаңыз, оны міндетті түрде дәрігерге айтыңыз. Әдетте қауіпті инфекциялар адамға қан арқылы жұғады. Сондықтан шындықты білген дәрігер ем барысында қауіпсіздік шараларын ұстанады. Есіңізде болсын, егер сіз қауіпті инфекцияны жұқтырған адам болсаңыз, бұл үшін дәрігер сізді сөгіп, кінә артуға құқығы жоқ. Керісінше мұны дәрігерлік құпия ретінде сақтап, бөтен, сырттағы жандарға жеткізбеуі қажет. Сондай-ақ ем барысында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, өзін сабырлы ұстауы керек.    

6. Жылдам, тез даярлатаны тағамдарды көп жейсіз бе? 

Қарапайым көрінгенімен денсаулығыңызды тексеру кезінде бұл да маңызды. Пицца, бургер, тәттілерді көп жейтін болсаңыз, асқазаныңыздың бүлінгенін білдіреді. Қандағы холестерин, глюкоза және өзге де микроэелменттер өзгеріске ұшырайды. Анализ тапсырардан алдын дәрігерге мұндай тағамдарды көп тұтынатыныңызды айтсаңыз, бұл оның жұмысын едәуір «жеңілдететіні» анық. 

7. Аз қозғаласыз ба?

Дәрігердің науқастың физикалық белсенділігінен хабары болғанының еш зияны жоқ. Аз қозғалу зат алмасу процесін бұзып, артық салмақ жинауға «көмектеседі». Салмағы нормасынан асқан адамдарда жүрек ауруы, қант диабеті жиі кездеседі.  

8. Ем-домды дұрыс ұстанбай жүрсіз бе?

Қауырт жұмыстан шаршап, таблеткаларды уақытында іше алмай жүрсеңіз оны дәрігеріңізден жасырмай, жәймен түсіндіріп көріңіз. Ем тағайындаған соң дәрігер сізден жақсы нәтиже күтеді. Егер дәрі қабылдаудың кестесін бұзып алған болсаңыз, маман сізді қайта тексеруге мәжбүр болады немесе қосымша дәрілер жазып беруі мүмкін. Ең бастысы «дәрігер маған ұрсады ғой» деген пікірден аулақ болыңыз.   

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Дәрігерден жасыруға болмайтын 8 факті