Дәрігерлерге шлагбаумдар мен ақылы лифттер кедергі келтіруде

Screenshot_4.jpg

Медициналық қызметкерлер көмек көрсетуге барған кезде шлагбаум, арнайы карточканы қажет ететін ақылы лифттер кедергі келтіретінін айтады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 20 жылда адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 10 жылға ұзарды. 2000 жылдың басында орташа өмір сүру ұзақтығы 65 жас болса, қазіргі уақытта 76 жасқа ұзарған. Бұл өмір сапасының жақсарғандығының белгісі. Ал қаладағы жағдайға келетін болсақ, денсаулық сақтау нысандарына айтарлықтай салмақ түсуде. Былтыр 12 объект аштық және оның саны көбейе береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің бірінші қабатында осындай объект ашатын боламыз. Уәлиханов көшесіндегі үйдің бірінші қабатында ашылған сияқты Ұлы дала және Бейсеков көшесіндегі үйлердің бірінші қабатында емхана, оңалту орталығы, шағын орталық және учаскелік полиция пункті ашылады», - дейді Алтай Көлгінов. Ол медицина қызметкерлері неге шағымданатынын айтты. «Медициналық қызметкерлер жедел медициналық көмек көрсетуге барған кезде шлагбаум, арнайы карточканы қажет ететін ақылы лифттер кедергі келтіретінін айтады. Біз науқасқа кедергісіз жету үшін жағдай жасауымыз керек. Орталық теміржол ауруханасы апатты жағдайда. Оның қасындағы әскери емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жыл басында осы аурухананы сонда көшірдік. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін инвесторларды тарта отырып, мемлекеттік жеке серіктестік бойынша Сарыарқа ауданында көпсалалы жаңа аурухана салмақпыз», - дейді ол.