Тілеухан Әбілдаев: «Коронавирус қаупі жоқ, жағдай толық бақылауда»

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығынан алынған негізгі тізім бойынша, Алматы қаласы бойынша 24 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Қытайдан келгендер саны 6792 адамды құрады. Бақылауға алынғандардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

тлеухан-2.jpeg

Өңірлік штабтың таратқан мәліметі бойынша, Алматының медициналық ұйымдары коронавирустық инфекцияны әкелу және тарату бойынша эпидемияға қарсы ескерту мен алдын алу іс-шараларына толық дайындалды. Қаланың медициналық ұйымдары ЖРВИ, тұмаудың алдын алу бойынша іс-шараларын жалғастырып отыр.

Атап айтқанда, емханаларда күн сайын таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, ал демалыс күндері таңғы 09.00-дан 18.00-ге дейін вирустық респираторлық аурулар, тұмау, ауыр респираторлық инфекциялар белгісімен клиникалық медициналық көмекке жүгінетін емделушілерді тексеретін фильтрлі посттар бар.

Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі бойынша жұмыс істейтін қалалық жекеменшік емханаларда, ЖРВИ және тұмауға ұқсас аурулар, ауыр респираторлық инфекция белгілерімен медициналық көмекке жүгінген емделушілерге, қан мен жағынды талдауын қамтамасыз ететін жағдайлар жасалған. Талдаулар қосымша зерттелуге орталық реферанс-зертханасына және ғылыми сараптама орталығына жіберіледі.

– Коронавирус симптомы анықталған жағдайда емделуші белгіленген кесте бойынша мамандандырылған стационарға тасымалданады. Ол туралы дереу хабарланып, толықтай оқшауланады. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің, жабдықтардың барлық қажетті қоры, залалсыздандыру құралдарының бактерияға қарсы және вирусқа қарсы препараттардың қоры жеткілікті, – деді Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен биылғы 4 ақпаннан бері бактериялық техникалық жабдықтау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кабинеттерінің сүзгі жағдайын тексеру үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдарға күнделікті мониторинг жүргізу басталды.

Жалпы қаланың жұқпалы стационарларында Қытайдан келген 51 адам тексерілді. Биылғы 7 ақпанда стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 5 емделуші болса, оның екеуі ата-ана. Жалпы, бүгінде 29 емделуші жатқызылса, соның 24-і емделіп шықты. Ішінде 11 ересек адам, 9 бала және 4 ата-ана.