Шымкентте репродуктивтік медицина институтының филиалы ашылды
Тұрмысқа шығып, отбасылы болған әрбір әйел балалы болуды армандайды. Ана бақытына бөленгісі келеді. Алайда бұл жолда кедергілер де жоқ емес. Соңғы ғылыми деректерге жүгінсек, елімізде балалы болуға қауқарсыз деген диагнозы бар азаматтардың үлесі 15-19 пайызды құрайды. Яғни, әрбір сегізінші отбасы бедеулік деген ауыр дертті арқалап жүр. Бедеуліктің себептері өте көп дейді мамандар. Оған климат, экология, тамақтану және түрлі аурулар кедергі келтіруі мүмкін. Қоршаған орта мен экология адам денсаулығындағы негізгі фактор. Ауаның ластануы, химиялық элементтердің адам ағзасында кездесуі – осының бәрі кері әсерін тигізері сөзсіз. Эндокриндік аурулар да бедеулікке шалдықтырады. Бұл ауруларға көпшілік аса мән бермейді, алайда гормондардың дұрыс жұмыс жасамауы не болмаса мөлшеріне жетпей, яки асып кетуі тууға қабілетті әйелді де ауру етеді. Йод жетіспеушілігінен кейбір келіншектер ана атану бақытынан айырылып отыр.
Соңғы жылдары медицинада ашылған тың жаңалық – экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісінің арқасында осы бедеулікті емдеуге біршама жол ашылып, құтыдағы сәбилер дүниеге келді. Қазақстанда 1996 жылы ЭКҰ жолымен алғашқы сәби туған соң бұл көмекке жүгінгісі келетін әйелдер саны күрт көбейіп келеді. Еліміздегі репродуктивтік медицина институттары да құшағын сәбиге толтырған ата-аналардың санын арттырып, демографиямыздың дамуына үлес қосып келеді.
Ендігі кезекте шымкенттік келіншектер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына шапқыламай осында жатырдан тыс ұрықтандыру қызметіне жүгіне алады. Өйткені таяуда шымқалада елімізге танымал репродуктивтік медицина институтының филиалы ашылды. Жаңа клиникаға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы ат басын бұрды.
Бұл жоғары репродуктивтік технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеуге арналған денсаулық сақтау саласының жаңа әлеуметтік-маңызы бар нысан саналады.
Клиникада тиімділікті барынша арттыру мақсатында әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеудің толық спектрі ұсынылған.
Мұнда ЭКО бөлімі, адам геномын толық зерттеуге арналған генетикалық зертхана, әйелдер кеңесі, жедел гинекология-лапароскопиялық орталық, жедел емдеуді қоса ерлер белсіздігін емдейтін андрология және урология бөлімі бар. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері мен курсанттарына арналған оқу базасы да осында орналасқан.
Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын, 2000 лапароскопиялық ота жасауға мүмкіндігі бар. Репродуктивтік Медицина Институтының филиалында зерттеулерді ең заманауи диагностика әдістерін және жоғарғы технологиялы жабдықтарды қолданумен өткізеді. Соның арқасында пациенттер ем тағайындау немесе РМИ іргесінде ота жасау үшін қажетті талдауларды тапсыруға және толық зерттеуден өтуге мүмкіндік алады.
Айта кетейік, орталықтың ашылуына репродуктивтік медицина институты 1 миллиард 25 миллион теңге инвестиция құйды. Алдағы уақытта 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Өйткені біз «бесігіміз бос қалмасын» дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған.
Ал жасанды ұрықтандыруға қабілетті деп танылған жас әйелдер жаңа клиникада құрсақ көтеруден үмітті.