Адамгершілігі төгілген ақ халатты абзал жан
Ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы рөлі үлкен. Себебі олар ұлттың саулығын қамтамасыз ететін денсаулық сақшылары. Медицина қызметкерлерінің арқалаған жүгі ауыр, еңбегі адал. Адамды сырқатынан айықтырып, аяққа тұрғызу оңай шаруа емес. Өйткені кесел бір дәрімен ғана жазылып кете салмайды. Бір пациентке дәрігер мен мейірбике қаншама уақыты мен энергиясын жұмсайды. Жақсы сөз жарты ем деп бекер айтылмаған. Олар ауырып тұрған науқасқа жылы сөйлеп, сөз арқылы да күш-қуат, ем береді.
Мен Бәйдібек ауданы Орынбай Тайманов ауылының тұрғынымын. Осы ауылдағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімімін. Пенде болғасын кейде басымыз ауырып, балтырымыз сыздап қалады. Осындай сәтте Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының мамандарына жүгінеміз. Жаның қиналып тұрған сәтте дертіңе ғана емес жаныңада шипа болатын осы аурухананың бас мейірбикесі Гүлмира Сыздықоваға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Гүлмира Дүйсенбайқызы қай уақытта барсаң да жылы жүзбен қарсы алады. Әрбір сұрағыңа сыпайы әрі нақты жауап беріп, қиындығыңды шешуге тырысады. Пациенттермен қарым-қатынасы, сөйлесу этикасы жоғары деңгейде. Бәрінен де адамгершілігі мол жан.
Гүлмира Дүйсенбайқызының медицина саласында отыз жылға жуық еңбегі бар. Тәжірибесі мол, білікті маман. Ол ауруханада емдік шараларды ұйымдастыруда сапалы медициналық көмек көрсетуде белсенді атсалысып келеді. Ол халыққа жақын жан. Сондықтан сый-құрметке лайықты. Мен Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының барша ұжымына және Гүлмира Дүйсенбайқызына зор ризашылығымды білдірігім келеді. Әрқашанда халықтың жанашыры болып жүре беріңіздер. Отбасыларыңызға амандық, бастарыңызға бақыт тілеймін.
Роза ЖОРАБЕКОВА, Бәйдібек ауданы Орынбай Тайманов ауылының тұрғыны