Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Елімізде коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясы басталды. Бұл әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қолға алынған игі бастама. Акцияға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты жастары мен еріктілері, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері жұмылдырылып, қажеттілігі шектеулі жандарға қолдау білдіріп, азық-түлік пен ең қажетті заттар салынған дорбаларды көмекке зәру тұрғындардың мекен жайларына жеткізіп берді. Азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық заттардың жиынтығын алған жандар осынау қиын-қыстау кезде жәрдем көрсеткен жастарға алғысын жеткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақтың қанатты сөзін негізгі қағидасына айналдырған жастар бұл игілікті істерін алдағы күндерде де қажеттілігіне қарай жалғастыратын болады.