Имбирьдің коронавирусқа қарсы пайдасы бар ма?

Коронавирусқа қарсы тұрар көкөніске сенген алматылықтар қазір жаппай имбирь, сарымсақ пен лимонды алып жатыр. Сұраныстың күрт өсуі саудагерлердің бағаны көтеруіне әкелді. Құн әдеттегі күннен 3-4 есеге қымбаттап кеткен. Атышулы дерттің алдын алуда бұл көкөністердің пайдасы зор деген тұжырым қаншалықты рас? Аталған сұраққа KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап береді.

Screenshot_2.jpg

Имбирьдің игілігін естіген ел көп жерде бұл көкөністің түгін қалдырмай талап алып кеткен.

"Коронавирусқа қалқан болады" деген әңгіме көбінің аузында жүр. Саудагерлердің айы оңынан туғандай. Әдетте 1000 теңгеден аспайтын көкөністің орташа құны 3 жарым мың теңгеге бір-ақ көтерілген. Имбирьмен сөреде иін тірескен лимонның да дәл қазір дәурені жүріп тұр. Көтерме сауда базарындағылардың ойына келген бағаны қоюы қаладағы саудагерлердің де амалсыз құнды көтеріп, сүйкімсіз көрінуіне себеп болған. Имбирь мен лимоннан бөлек, сарымсаққа да сұраныс көп. 

Эпидемиолог Сәкен Әміреев бұл көкөністерге қатысты аңыз бен ақиқаттың ара-жігін ажыратты.

 Айтуынша, індеттің алдында бұлар қауқарсыз.

 "Микробтарға да әсер етеді. Бірақ вирустарға әсер ете алмайды. Бірақ, жалпы иммунитетті жақсы тамақ ішсең де көтереді, жақсы демалсаң да көтеріледі. Ренжімесең де жақсы болады. Сондықтан, осы жағынан қарағанда аздап болса да көмегі бар. Бірақ, ол нақты вирустық инфекцияға көмегі жоқ",- дейді ол.