Алматы облысында бір айлық нәресте коронавирустан емделіп шықты

Еңбекшіқазақ ауданының дәрігерлері бір айлық баланы және 73 жастағы зейнеткерді коронавирустан емдеп шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

news_full1575264305be0f4af049b38c620b77cdca177e743c.jpg

"Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 14 адам ауруханадан шығарылды. Олардың ең кішісі бір айдан сәл артық, ал ең үлкені - 73 жаста. Емделіп шыққан 14 адамның 9-ы бір отбасының мүшелері", - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай, коронавирустан айыққан 14 науқастың ішінде төрт бала бар, ең кішісі - бір айдан сәл асқан, ал ең үлкені 7 жаста. Дәрігерлер нәрестенің жағдайына ерекше алаңдаушылық білдірді.

"Бала ауруханаға түскен кезде туғанына 18 күн ғана болған. Сондықтан ерекше бақылауға алып, күнделікті емдеу тәсілін дәрігерлермен талқылап отырдық. Балада ем қабылдау кезінде ешқандай қиындық туған жоқ. Бала анасының жанында болды. Ауруханадағы 20 күн ішінде 1 келі салмақ қосты. Қазір жағдайы жақсы", - деді Еңбекшіқазақ ауданының ауданаралық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Жамила Әбеуова.

Сонымен қатар, Есік қаласының 73 жастағы тұрғыны ауруханадан шықты. Ол 18 күндік емдеу курсынан өткен.

Барлық 14 науқас Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындары. 1 мамыр күні коронавирусқа өткізілген тест әрқайсысында теріс нәтиже көрсетті.

"Еңбекшіқазақ ауданында жазылып шыққандардың барлығы Рахат ауылдық округіне қарасты "Көксай", "Береке", "Алтын Алма", "Алтын адам"саяжайларының тұрғындары. Аталған саяжайларда аурудың жаңа жағдайы тіркелмегендіктен, олардағы карантин алынып тасталды", - деді әкімдікте.