Су басқан ауылдар дезинфекциялануда
Мақтаарал ауданындағы топан суда қалған ауылдарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. Мұндағы мақсат – тасқын су шайып кеткен елдемекендерде жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау және инфекциялық індеттерді алдын алу. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдан Ахметов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда судың деңгейі түскен ауылдардағы аулалық әжетханаларында залалсыздандыру жұмыстарын жүріп жатыр. Әзірге Фердауси және Өргебас елдімекендерінде профилактикалық шаралар қолға алынды. Алдағы уақытта су деңгейі түскен басқа да ауылдарда дезинфекциялау жұмыстары жалғасатын болады. Дезинфекциялау жұмыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Сондай-ақ, елдімекендердегі су ұңғымалары мен ауыз су құбырлары да тиісті әдістермен тазартылады. Соңында ауыз суға сараптамалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тексерілетін болады», – дейді Алдан Ахметов.
Айта кетейік, жалпы дәрілеу жұмыстарына «Шымкент дезинфекция» мекемесінің арнайы 6 маманы жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, Мақтаарал ауданынының бірнеше ауылын Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, су шайған болатын. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.