Құжаттарды 25 жыл сақтайтын сервер орнатылмақ

Screenshot_2.png

Ауылдағы ағайынға да қолжетімді бола түскен медицина Түркістан облысы  Ордабасы ауданында да айтарлықтай дамуда.  Елдің саулығын бәрінен де биік қоятын аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен өңірде осы саланы өркендеткен талай игі іс тынды. Айталық аудандық орталық аурухана «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «қағаз айналымын» тоқтатып, 80 пайыз электронды портал арқылы жұмыс істеуге көшсе, емхана толығымен  қағазбастылықтан арылған. Ордабасылықтар  қазіргі таңда сандық технологияға үйренісе бастап, емханадағы «өзіне-өзі» қызмет көрсету бұрышы арқылы дәрігерге электронды талон арқылы жазылып жүр. Мұндағы қызметкерлер де «цифрландырылған». Яғни барлық дәрігерлер мен мейірбикелер жеке логинмен қамтамасыз етілген. Аудан басшылығының қолдауымен алдағы уақытта орталық ауруханаға орталықтандырылған, барлық электронды құжаттарды 25 жылға сақтайтын, сақтау қоры 250 терабайтты құрайтын сервер орнату жоспарланыпты. «Бұл сервердің тағы бір ерекшелігі, рентген, мамография, УЗИ және т.б. құрылғылары осы сервер арқылы қазіргі уақытта қолданыстағы КМАЖ-комплексті медициналық ақпарат жүйесі (КМИС) порталына жалғанып, барлық көрсеткіштер электронды жүргізіледі. Яғни Ордабасы аудандық орталық ауруханасына тіркелген кез келген тұрғын смартфондағы мобильдік қосымша арқылы барлық зерттеу нәтижелерін емханаға келмей көре алады»,- дейді ауруханың бас дәрігері Бахытжан Мырзагелдиев. 

      Жалпы Ордабасы аудандық орталық ауруханасы аудандағы 53 елді мекенге медициналық қызмет көрсетеді. Ауруханада 243 төсек орын бар. Емхана бір кезекшілігінде 500 адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде жаңадан биылғы жылы ашылған 3 паллиативтік көмек, 15 реабилитациялық көмек төсек орын бар. Күндізгі бөлімде 90 науқас ем ала алады.  Ордабасы өңірдегі ірі аудандардың бірі. Сондықтан медицина барлық шалғайдағы ауылдарға да қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта ауданда  4  бастапқы медициналық санитарлық көмек орталығы жұмыс істейді. Олар: Шұбарсу, Бадам, Қараспан және Төрткөл. Сондай-ақ 8  дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет көрсетіп келеді (Бөржар, Қайнар, Шұбар, Қажымұқан, Көктөбе, Жеңіс, Бөген, Қарақұм). Сонымен қатар ауданда  18  фельдшерлік акушерлік бекет пен 21  медициналық бекет бар. Медициналық қызмет көрсету бойынша аймақ қашықтығы 90 км құрайды.