Ордабасыда бірқатар медицина мекемелері жөнделмек
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен Ордабасы және аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен биылғы жылы ауданда бірқатар медицина мекемелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нақтырақ айтқанда орталық аурухана, Төрткөл, Қайнар ауылдық емханалар жаңаша келбетке ие болмақ. Ал Бірлік, Батыр ата ауылдарында фельдшерлік акушерлік бекеттердің құрылысы мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы басталады деп күтілуде. Мұнымен тоқтамай 2020 жылы салыну жоспары бойынша облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына Бөген, Еңбекші, Ықылас-Темір, Төреарық, Қарабастау, Төрткөл ауруханасының құжаттары әзірленіп тапсырыс берілгенін атап өтейік.
Халықтың денсаулығын жақсарту және жауапкершілігін арттыру мақсатында елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені мәлім. Жаңа жүйеге үйренісу тұрғындарға оңай болған жоқ. Бұл ретте әкімдік қызметкерлері мен медицина мамандарының үздіксіз насихат жүргізуінің арқасында ел МӘМС-тің артықшылығын ұғына бастады. «Кез келген бастама қиындықсыз болмайды. Әу баста түсінбеген сұрақтар көп болды. Қазіргі таңда туындаған қиындықтар, түсінбеген сұрақтар шешімін табуда. МӘМС бойынша орталық аурухана медицина қызметкерлерінен спикерлер бекітілген. Әр спикер өз аймағына жауапты. Қуантарлығы сол, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қаражат аударымы күннен күнге артып келеді»,- дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б. Мырзалиұлы.