Дәрігер әрі ақын
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Қуат Қылышбеков - Шымкент қаласының тумасы. Жалпы тәжірибелі дәрігер қазір үшінші мегаполистегі №8 емханада қызмет етіп жүр. Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Сұхбаттасым Қуат жас та болса өжет әрі ерекше дәрігер. Өжет дейтін себебім ол қарусыз майданда қаладағы «Шапағат» провизорлық орталығында коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеп, індетпен күресті. Ал Қуаттың ерекшелігі ол жәй ғана дәрігер емес, ол қара сөзді өлең қып өре білген талантты ақын, «Жасуша ішіндегі жалғыздық» жыр жинағының авторы. Қолына стетоскоппен қатар қаламды қатар ұстап жүрген дәрігер ақынның бірқатар жыр шумақтарын назарларыңызға ұсынамыз.
COVID 19
Қаншама жанның көз жасын көрдім,
Шайлығып жүрек моладан.
Сырқаты мүлдем қозбасын дедім,
Кем түспейтіндей обадан.
Қазына тұңған қарттарым менің,
Құрандай маған қымбатты.
Тапа-тал түсте таптады өлім,
Көңілдің көзін мұң жапты.
Тарылып демің оянбай жаттың,
Әкелер менен шешелер.
Келгенше қолдан аянбай бақтым,
Айыбым болса, кеше гөр!
Алғанда ажал дара алқымнан,
Бақытың ұшып бағыңнан.
Көмегін аяр қара халқынан,
Қайыр күтпедік Ханыңнан.
Тұла бойымнан төгіліп дастан,
Қырғынға қалай шыдайын?!
Қазаққа мынау көңілі аспан,
Қол ұшын бергін, Құдайым!
Ұлтымды мәңгі Ұлы ісі үшін
Жаныммен сүйіп, жыр етем.
Қазақтың әрбір тынысы үшін,
Өлгенше менде күресем!
ДӘРІГЕРДІҢ КӨЗІМЕН...
Жан қартаймас.
Тән қартаймақ өңделмей,
Көгертермін көк шыбығын Сананың.
"Мен қартайдым" деген сөзді жөн көрмей,
Тек аңсаймын жасушаның жаңасын.
Қартаяды бауыр, бүйрек, жүрегің,
Омыртқаң да қисаяды мүжіліп.
Арман қуған Қазағыңның бірі едім,
Әрбір заттың сырын аңдыр сүзіліп.
Көрмей қалар қос көзің де бұлдырлап,
Сүйегің де сырқырайды сынса егер.
Жаным менің жасыл көктем, нұрлы бақ,
Жаратқан ғой жасампаз ғып бір Шебер.
Қандай ғажап қайғырмастан, гүлденіп,
Жұпарланып тұрсаң шіркін далаңдай.
Жаным менің жасарады түрленіп,
Жаным менің ұлғаяды ғаламдай.
Тағдырыңның тәлкегіне түңілмей,
Күннен-күнге көркейе бер жаңғырып.
Үш жүз алпыс буының да бүгілмей
Қалса дағы
ЖАН ҚАРТАЙМАС МӘҢГІЛІК!
ДИАГНОЗ
Періште боп туылдым нұрға малып,
Жүрегімде жазықсыз жыр қамалып.
Менің ғазиз дүниемде бір белгісіз,
Қолдау жасап Құдырет тұрғаны анық.
Тірлігімнің барлығы назарында,
Жазылмаған жырларым, азабым да.
Көңілімнен Күн шығып кетпесе егер,
Тыныш жата алмаспын мазарымда...
Ақын тағдыр арқалы алақұйын,
Өлмейтіндей ой тастау, сана қиын.
Өтсем шіркін өмірден өрекпімей,
Өтсем шіркін былғамай бала күйін.
Бәз бір бұлттай басқадан дараланып,
Келер түннен күн сүйген хабар алып.
Қараша үйден қайғысыз кетер ме еді,
Қара күйге бөленбей қара табыт.
Ақ парақтай алдында жатты жайым,
Періште боп...
Пенде боп...
Бақ сұраймын.
Менің мүшкіл хәліме уайым болды,
Не деп үкім қыларын Хақ Құдайым?!
АПАТИЯ
Несіне өкпелеймін адамдарға,
Жақпасам жақпайыншы, амал бар ма?!
Жайым жоқ түрленетін хамилиондай,
Қай ақын жаққан дейсің замандарда...
(Атансам атанайын жаман қарға).
Мұңайып мұңлықтарым текке өтпеген,
Өмір ме сан суынып, жек көрмеген!
Жазмыштың көрсететін азды-көпті,
Сыйына қуаныш пен кек кернеген.
Көңіл пәс,
Жүрек дертті,
Ішімде мұң,
Жандардың айтуынша «бүлінгенмін».
Жақпайтын көп пендеге перідей боп,
Жер басып жүргендердің бірі менмін.
Теңесең теңеңдер сор әңдүдікке,
Дегенмен құмармын мен таңғы үмітке.
Жақтырмас құрбы-құрдас сәл шыдаңдар,
... Бір күні кетем менде мәңгілікке!
ТРОМБОЦИТТЕР
Тромбоциттер – қан ұюға қатыспақ,
Онсыз болмас қанның ұю тұтқыры.
Бал бірліктің ауылынын алыс қап,
Көп қазақтар ұғынбайды түк мұны.
Көзіңе жәй көрінбейтін элемент,
Неткен ғажап атқарады қызметті.
Ұюмаудың тақсыретін жеңе кеп,
Алдын алған ағзадағы жүз дертті.
Аурушаңның солғын тартып, өңі өнбес,
Денсаулықтың құнын әсте жиі ұғар.
Бұл қазаққа жерге, жүзге бөлінбес,
Тромбоциттер керек боп жүр ұйытар!
МӘЙІТХАНА
Мәйітхана – мекені өліктердің,
Тастай суық бөлмеге құнығар кім?
Кең дүниеге сыймасаң келіп көргін,
Кімдігіңді сол бір шақ ұғынарсың...
Міне, жатыр қаншасы көз алдымда,
Бұл жалғанда біздейін ғұмыр кешкен.
Өлген жанның жүрегін сезе алдың ба?
Сенде мендей боларсың, ұғын дескен...
Арылармыз біз қашан жалған ойдан,
Санаң бар ғой жөнімен пайдалан да.
Мақсаты жоқ мазмұнды алға қойған,
Тірі өліктер қаншама айналамда.
Атағыңнан ат үркіп өрлесең де,
Адамдықтың арына желік бергін.
Жер астының мәйітін көрмесең де,
Жер үстінің мәйітін келіп көргін.
Кімдігіңді сол бір шақ ұғынарсың...
КАРДИОГРАММА
Кардиология бөлімі. Сан сынағым.
Сан сынаққа жанымды жаншыладым.
Жүрмін жұрттың жүрегін жазып алып,
Жүрек деген аманат тамшы бағым.
Аманатты ардақтап қалшы, жаным!
Көңілдегі мейірлер ашпай қалып,
Талай жандар келуде жастай налып.
Ал кейбірі қартаңдау болса дағы,
Бара жатыр жүрегі тасқа айналып.
Көрінсе деп биіктен бақ талабым,
Ізгілікпен ісімді атқарамын.
Құл кеуделер кердеңдеп көрсоқырлық
Көрсеткенде құларға шақ қаламын.
Дей алмаймын жалғанда жазықты олар,
Дегенменде жайым жоқ жазықтанар.
Адал яки арамын бұл жүректің,
Болса дедім құрылғы жазып қалар...