Әділет министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды
ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Азамат Әмірғалиев қызметінен босатылды.
- Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Халимеденұлы Әмірғалиев Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Азамат Әмірғалиев Қазақстан президенті іс басқармасы аппаратының басшысы болды (2017 жылдың қаңтарынан бастап). 2011 жылдан бастап Президент басқармаларында жұмыс істеді, онда заң, ұйымдастыру, кадр мәселелеріне жетекшілік етті.
1976 жылы 24 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.
1998 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын "халықаралық заңгер" мамандығы бойынша үздік бітіріп, іскерлік әкімшілік магистрі (Британдық Бизнес Мектебі) атанды.
Еңбек жолын 1998 жылы Әділет министрлігі Заңнама және халықаралық құқық департаментінің заң жобалау жұмыстары және құқықтық сараптама басқармасының аға маманы болып бастаған.
2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының орынбасары, Тіркеу қызметі төрағасының орынбасары. 2006-2009 жылдары - Парламент Мәжілісі Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2009-2011 жылдары "Альянс Банк"АҚ Корпоративтік хатшысы болып қызмет атқарды.
2011-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы заң бөлімінің меңгерушісі.