Кентаулықтар жылжымалы емхананың шарапатын көруде
Кентау қалалық емханасының қызметкерлері жылжымалы медициналық кешенмен шалғай ауылдарды аралап, қызмет көрсетулерін жалғастыруда. Дәрігерлер бұл жолы Кентау қаласына қарасты Достық ауылынан бастап Бабайқорған, Абай, Қаражон елді мекендерінің тұрғындарын сапалы медициналық тексеруден өткізді.
Коронавирус инфекциясымен күреске аса зейін қойған ақ халатты дәрігерлерлер ауыл тұрғындарының өкпелерін заманауи рентген аппаратына түсіріп, індеттің алдын-алу бойынша дәрігерлік кеңес берді. Тексеру барысында Covid-19 инфекциясымен күдікті науқас тіркелген жоқ. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Кентау қалалық емханасынан келген арнайы мамандар: кардиолог, гинеколог, педиатр, рентген, УДЗ, ЖТБ дәрігерлерінің тексерілуінен өтті. Дәрігерлер тиісті емдік шараларын көрсетіп, науқастардың әрі қарай жоспарлы ем қабылдауларына жолдамалар берді.
«Тұрғындарға медициналық және скринингтік тексерулер мен басқа да көмектер көрсетілді. Бұл өз ретінде, ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімдігін арттырады. Дәрігерлер азаматтарды толық тексеруден өткізіп, ауруды дер кезінде анықтауға септігін тигізді. Шалғай ауылдағы тұрғындар үшін бұл диагностикалық кешен сапалы және өте тиімді. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жайлы тұрғындарға жан-жақты мәлімет берілді. Себебі, бұл Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар, маңызды реформа. Консультация барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары МӘМС жүйесінің артықшылықтары, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік мнедициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы толық мәліметтерді алды» – деді, бас дәрігердің ана мен бала қорғау жөніндегі орынбасары Әлия Сағидулатқызы.
Кентау қаласына қарасты елдімекен тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру мақсатында Кентау қалалық емханасының дәрігерлері алдағы уақытта бекітілген тізімге сәйкес шалғай ауылдарды аралайтын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі