«Кемшіліктер анықталатын болады» - Асхат Аймағамбетов
Елімізде білім беру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекет басшысы Заңға қол қойды. Енді балаларға қосымша білім беру ісі мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік мекемелерде де ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ балабақшалар, мектептер мен колледждердің бес жыл сайын аттестациядан өтуі көзделген. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Мемлекет басшысы Заңға қол қойып, білім беру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қабылданған Заңдағы маңызды нормалардың бірі – балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу. Енді мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады. Бұл мемлекет тарапынан үлкен шығындарды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді. Балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтетін болады. Ұзақ уақыт бойы талқыланған норма қабылданды. Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал болады. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болып табылады. Аттестаттау бес жылда бір рет жүргізіледі. Ол арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады, - деп жазды министр.
Қабылданған Заңға сәйкес, бұдан былай оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама жасалынуы тиіс. Министр Аймағамбетовтің сөзінше, жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек.
- Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өткізілетін болады. Яғни енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізіледі. Осылайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталатын болады. Әрине, бұл норма министрлікті шектейді, алайда осы арқылы жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген және сыналған бағдарламаларды енгізудің механизмі жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, оқулықтардың сапасын одан әрі жақсарту, оқу материалдарын әзірлеу кезінде бірізділікті белгілеу үшін министрліктің мектеп оқулықтары және оқу-әдістемелік кешендерінің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеу құзыретін айқындайтын түзету қабылданды. Бұл оқулықтардың сапасын арттыруға бағытталған маңызды норма болып табылады, - делінген сала басшысының жазбасында.
Сонымен қатар, Заңда Министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітетін болады. Заңда қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар пайда болды. Қашықтан оқыту ұғымы және қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті бекітілді.