Шымкентте жағдай өршіп тұр!

Осылай деп дабыл қаққан 13 қаңтарда әлеуметтік желіде қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов Шымкентте коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 400-ден аса адам бар. Өкінішке қарай, бақылау күшейтілсе де, оларға ескертілсе де карантин талаптарын бұзып жатқандары кездесуде деп еді. Арада 6 күн өткенде Бақытжан Жолдасбекұлы ковидқа шалдыққандармен байланыста болғандардың саны мегаполисте 1000-нан асып кеткенін хабарлады. 

image.png

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды

Шымкенттегі эпидемиялық ахуал алаңдатушылық туғызуда. Жыл басынан бері 200-ден астам коронавирус жұқтырған. Пневмания одан да көп. Сондықтан бақылауды күшейтудеміз. Ковидпен ауырғандармен қарым-қатынаста болған 1000-нан аса адам үйлерінде оқшауланған, мекенжайлары бар. Олар жергілікті емхана, әкімшілік және полиция тарапынан қатаң бақылауға алынған. Егер олар үйінде болмаған жағдайда полицияға хабар беріледі, жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, мониторингтік топтар да жұмыстарын күшейтті. Бүгіннен бастап кафе-мейрамханаларда сағат 23:00-ден кейін адам жиналса айыппұл салып, акт толтырады. Егер көп адам шоғырланған орындарды байқасаңыз, оған бей-жай қарамай бірден 102-ге хабарлауларыңызды сұраймын, – деді фейсбук парақшасында қала тұрғындары мен қонақтарына бейнеүндеу жариялаған Бақытжан Позилов. 

Бүгінде Шымкент қаласында 5733 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны тіркелген. Оның 5347-і емделіп шыққан, 305-і емделу үстінде. Өкінішке қарай 81 науқас қайтыс болған. 

Мегаполисте соңғы тәуліктерде коронавирус жұқтырған 25 азамат анықталды. Олар өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған, карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Қаладағы инфекциялық стационарларда 1060 төсек-орын бар. Оның бүгінде 846-сы бос (80 пайыз). Бүгінгі таңда медициналық мекемелерде 615 ӨЖЖ аппараты, 21 КТ, 30 рентген аппараты бар. 174 оттегі концентраторы, демеушілік көмекпен қосымша 98 оттегі концентратер жеткізілді. Сондай-ақ, «А», «В», «С» жоспары бойынша реанимациялық төсектерді жабдықтау үшін қосымша 314 функционалдық кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғы сатып алынған.

Сонымен қатар, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры дайындалды. Дәріханалардағы бөлшек сауда бағаларының, дәрі-дәрмектер қорының сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Десек те, шымкенттік дәрігерлер инфекция таралуын болдырмау мақсатында қарапайым сақтық шараларын сақтауға шақырады. Мамандар әлеуметтік ара қашықтық сақтап, бетперде тағып, бөлмелерді жиі желдетіп, адам көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Шымкентте жағдай өршіп тұр!