Сабитов пен Пашимов вакцина салдырды
Бүгін Қазақстанда коронавирус жұқпалы індетіне қарсы вакцина егу жұмыстары басталды. Түркістан облысында облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық басқармаының басшысы Марат Пашимов алғашқылардың қатарында вакцина салдырды.
Түркістан қалалық орталық емханасында вакцина салмас бұрын Арман Сәбитұлы дәрігер тексеруінен өтті. Алдымен сынама жасалды. Облыс әкімі орынбасарының ағзасы екпеге ағзасы кері әсер бермеді. Дәл осындай сынамалар барлық пациенттерге де жасалатын болады. Егер адам ағзасы кері әсер берген жағдайда, вакцинациялау тоқтатылады. Яғни, ағзалары кері реакция бергендер вакцинациялауға жіберілмейді.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркістан облысына Ресей федерациясынан «Спутник V» вакцинасы әкелінді. Келісімшарт бойынша алғашқы партияны елге Қарағанды фармацептикалық кешені жеткізді. Ковид-19-ға қарсы екпе өңірдегі барлық аудандар мен қалаларға таратылды.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басышысы Марат Пашимовтың айтуынша, жыл соңына дейін облыстың 950 мың тұрғынына коронавирусқа қарсы вакцина егу жоспарлануда. Дегенмен, вакцина кәмелет жасына толған азаматтарға ерікті түрде салынады және екпеден бұрын дәрігердің тексеруінен міндетті түрде өткізіледі. Вакцинация алдымен медицина мамандарына – жұқпалы ауруларға қарсы медициналық ұйымдардың, жансақтау бөлімдерінің, қабылдау бөлімдерінің және санитарлық эпидемия мекемелерінің қызметкерлеріне жүргізіледі.
Бүгінде елімізде екпе егу пункттері дайындалып, профилактикалық екпелерді жүргізудің операциялық стандарттық процедуралары бекітіліп, 2 мыңнан астам медицина қызметкері қайта даярлаудан өтті. Әзірге әлемді жайлаған коронавирусқа қарсы ем табылған жоқ. Оның алдын алудың жолы тек вакцинация болып тұр.