Болатхан САҒЫМБЕКОВ: Туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу тиімділігі жақсарып келеді
Болатхан САҒЫМБЕКОВ, Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері:
Қазақстан бүгінгі таңда ТМД мемлекеттері арасында туберкулез науқастарын емдеу көрсеткіші бойынша ем тиімділігі жоғары ел болып табылады. Статистикалық мәліметтер бойынша Түркістан облысында туберкулезбен ауыратын науқастардың емдеу тиімділігі соңғы жылдары жақсарып, 96% құрап отыр (ДДҰ стандарты бойынша - 85% кем болмау тиіс). Бұл туралы Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында туберкулезбен күресу жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспардың қорытындысы туралы баяндаған брифингте мәлімдеді.
24 ақпанда республикада Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес айлығы бастау алған болатын. Биылғы шараның ұраны - «Уақыт өтуде». Ия, расында да кешіксең кешірмейтін кесел уақытылы диагностикалауды және емдеуді талап етеді. Бас дәрігердің айтуынша бүгінгі таңда өңірде туберкулез ауруынан эпидемиологиялық жағдай тұрақты. «Биыл 2019 жылмен салыстырғанда туберкулезден аурушандық 26,5 %-ға немесе 100 мың тұрғынға есептегенде 36,0-ден 26,5-ке дейін төмендеп отыр. Ал халық арасында туберкулездің таралуы 23,7%-ға немесе 100 мың тұрғынға есептегенде 43,0-ден 32,8-ге дейін төмендеді. Өлім көрсеткіші 20 %-ға, яғни 100 мың тұрғынға есептегенде 1,0-ден 0,8-ге дейін төмендеп отыр. Айталық былтырғы жылы республикада туберкулез дертінен 346 науқас қайтыс болса, оның 16-ы біздің орталықта есепте тұрған жандар», -дейді Болатхан Салыбекұлы. Айта кетейік, қазіргі таңда аталмыш орталық облыс тұрғындарымен қатар үшінші мегаполистің де науқастарына қызмет көрсетіп келеді. Мұндағы алдын-алу шараларының дұрыс ұйымдастырылуы, сапалы емнің нәтижесінде ең аз аурушаңдық көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы бірінші орында, ал Түркістан облысы 3 орында тұр. «Ел ішінде біздің жақсы көрсеткіштерімізге күмән келтіріп, «аурулар саны әлдеқайда көп қой деушілер кездесуде. Айта кетейін, туберкулезге күдікті және диагнозы расталған өңірдегі пациенттердің барлығы біздің орталықта ғана ем алады. Басқа емдеу мекемелері мұндай науқастарды қабылдамайды. Бірең-сараң емделушілердің Өзбекстан, Қырғызстанға барып ем-шара қабылдаған фактілер кездесті. Олардың өзі келгесін біздің мамандардың бақылауында болды. Сондықтан біздегі науқастар санының жалған болуы мүмкін емес»,- дейді дәрігер.
Өкінішке қарай, құрт ауруы да кейде балаларды үйірсектейді. Мамандардың дерегі бойынша былтыр республика бойынша 516 балаға туберкулез диагнозы қойылған. Ал облыста өткен жылы 46 балада аталмыш кесел анықталған. Бұл көрсеткіш республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен. Десе де жергілікті мамандар әсіресе Жетісай, Созақ, Отырар аудандарында балалар арасында туберкулез ауруын болдырмау үшін кешенді жұмыстар атқарып келеді.
Бөлісу тақырыбы: Болатхан САҒЫМБЕКОВ: Туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу тиімділігі жақсарып келеді