Туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек беріледі
Туберкулез оңайлықпен берілетін ауру емес. Дерт жабысты дегенше жылдап ем алуың керек деген сөз. Мәселен науқастың ең жылдам сауыққан уақыты 12 айды құраса, ұзағы 25-30 айға дейін созылады. Ал ұзақ емделу адамның әлеуметтік жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан болар мемлекет әрбір науқастың тұрмыстық жағдайына жіті көңіл бөліп келеді. Айталық мұндай науқастарға әлеуметтік көмек 2015 жылдан бастап Түркістан облысы әкімдігінің қаулысының негізінде бүгінгі таңға дейін ай сайын амбулаториялық деңгейдегі науқастарға әлеуметтік көмек қаржылай 5-10 АЕК (МРП) көлемінде тұрақты түрде беріліп келеді. Бұл туралы Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында туберкулезбен күресу жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспардың қорытындысы туралы баяндаған брифингте мәлімдеді.
2020 жылы Түркістан облыстық әкімдігі тарапынан 189 млн. 277 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек қаржылай берілген: ай сайын әр науқастың жеке есеп –шотына 26500-27700 тенге аралығында ақша аударылуда. «Көптеген өңірлерде әлеуметтік көмекті жылына бір-ақ рет береді. Ал біздің облыс мұндай бастаманы республикада алғашқылардың бірі болып қолға алып, ай сайын үзбей беруде. Себебі науқастарды емдеп қана қоймай материалдық және психологиялық көмек беру аса маңызды. Ал егер пациент емін тұрақты алмай, дәрігерлерге құлақ аспайтын болса, қоршаған ортаға зиянын тигізетін болса комиссияның шешімімен әлеуметтік көмектен қағылады. Бұл саясат науқастардың жауапкершілігінің артуына септігін тигізіп отыр» ,- дейді бас дәрігер.
Еске сала кетейік, 24 ақпанда республикада Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес айлығы бастау алған болатын. Биылғы шараның ұраны - «Уақыт өтуде».