Түркістанда туберкулезден кейінгі медициналық Оңалту бөлімі ашылды

Screenshot_5.jpg

Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығында COVID-19 диагностикасын жүргізу мақсатында 2020 жылдың сәуір айынан бастап полимеразды-тізбекті реакция әдісімен вирусологиялық зертхана ұйымдастырылған. Ал ағымдағы  жылдың қаңтар айынан бастап 15 төсек-орындық Пульмонология бөлімі іске қосылып, туберкулезден басқа өкпесінде созылмалы аурулары бар науқастар жатқызылып, емделуде. Орталықтың бас дәрігері Болатхан Сағымбековтың айтуынша  сондай-ақ, мекемеде 20 төсек-орындық туберкулезден кейінгі медициналық Оңалту бөлімі ашылып, онда 5 жыл көлемінде туберкулезбен ауырып, емделіп шыққан науқастарға қайтып ауырып қалудын алдын-алу мақсатында оңалту шаралары жүргізіліп келеді. Туберкулезді ерте анықтау сапасын жақсартуға Hain-test генді-молекулярлы аппараты да іске қосылған. 

       Пандемия өршіген тұста орталықтағы заманауи, сандық рентген аппаратына қаншама тұрғын түскенін айта кеткен жөн. Сол кезде ақ халаттылар күдіктілерді ковидке әрі туберкулезге қатар тексерістен өткізді. Нәтижесінде  өкпесінде коронавируспен қатар туберкулез таяқшасы да анықталған науқастар кездесіпті. Мұндай пациенттер алдымен ковидке қарсы ем алып, теріс нәтижеден кейін туберкулезден емделген. «Асқынған жағдайлар болған жоқ, барлық науқастар үйлеріне шығарылған соң да біздің бьақылауымызда болды»,- дейді орталық басшысы.  

       Айта кетейік, Түркістан облысында туберкулезге қарсы бір айлық іс-шара басталды. Жоба дүниежүзілік өкпе ауруына қарсы күнге арналған.